Бүгінде Семей медициналық университетіндегі волонтерлер саны 250-ден асады. Оның ішінде Үндістан азаматтары да бар. «QazMedVolunteers» еріктілер қозғалысының төрағасы Гүлфайруз Тукинованың айтуынша, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істейтін волонтерлер күн сайын жаңашылдыққа ұмтылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Волонтерлікке алғашқы қадамым ЭКСПО-2017 көрмесінен басталды. Еліміздің бас қаласына Семей медициналық университетінен аттанған 37 студенттің бірі болдым. Біз Әзербайжан елінің павильонында жұмыс істедік. Волонтер болудың маған қатты ұнағаны сонша, өз еркіммен екі ауысымға да шығып отырдым. Себебі адамға пайдам тиіп, оның жүзінен қуаныш лебі ескенін көргенімде кеудемді ерекше бір сезім кернеді. Еріктілер өздерінің шуақты энергиясын айналасындағыларға шашуы керек деп есептеймін. Көрме барысында келушілерге қолымнан Оның сөзінше, сол жылы аталмыш жоғары оқу орнында еріктілер корпусы құрылған. Олар мектептерді аралап, волонтерлік жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Кейіннен балалар үйіне барып, мерекелік шаралар өткізе бастаған.
– Жаңа жыл кезінде балақайларға арнап тәттілер салынған 83 дорба дайындадық. Гарри Поттер фильміндегі кейіпкерлердің киімін киіп, мерекелік қойылым әзірледік. Бәрі тамаша өтті. Сол күн мәңгі есімде қалатын шығар. Балалар шаттыққа кенеліп, екі езулері екі құлақтарына жетіп, ерекше әсер алды. Олардың жайдары жүздерін көріп біз де шаршағанымызды ұмыттық, - дейді волонтер.
Осылайша, Семей медициналық университетінің студенттері әлеуметтік волонтерлік жобалармен айналысуды қолға алған. Қарттар үйлеріне барып, әр түрлі шаралар өткізген. Эко-челлендждерге қатысып, сенбіліктерге шыққан.
– 2018 жылы мені Әзербайжанда өткен ТМД елдеріндегі волонтерлер жиынына шақырды. Сол жерде көп нәрсені санаға түйдім. Ресейдің дәрігер волонтерлерімен танысып, біраз әңгімелестік. Ойлана келе, бізге де осы саладағы волонтерлікті қолға алу керектігі жайлы бел байладым. Елге оралғанда университет ректоры Ерсін Тұрсынханұлына өз ұсынысымды айтып едім, ол бірден қолдау танытты. Сөйтіп, хоспистегі науқастарға көмектесуді ойластыра бастады», - дейді Гүлфайруз.
Оның айтуынша, әуел баста ондағы ақ халаттылар «сендерге тым ауыр болады. Тәжірибелерің жоқ» деген. Алайда, еріктілер алғаш рет барып сондағы сырқат жандарға жеміс-жидек таратқан кезде, әркез қабақтары қарс жабылған науқастардың жүзіне қуаныштың сәулесі түскен. Мұны көрген дәрігерлер «бұл оларға жақсы әсер етеді екен. Жиі келіп тұрсаңдар болады» деп рұқсаттарын берген. Уақыт өте келе арнайы сертификаттары бар еріктілер медбикелерге көмектесе бастайды.
– Қазір университетіміздегі волонтерлер саны 250-ден асады. Оның ішінде Семейге оқуға келген Үндістан азаматтары да бар. Бәріміз бір отбасының балаларындаймыз. Жұдырықтай жұмыла жұмыс істеп, кез келген бастамада ұйымшылдық танытамыз. Бір бағытта қала бермей өзімізді шыңдағымыз келеді. 2019 жылы біздің студенттер Пәкістан еліндегі волонтерлік тақырыбындағы конференцияға қатысып келді. Биылға да жоспар көп. Соның бәрін іске асыруға шама-шарқымыз жеткенше тырысамыз, - дейді «QazMedVolunteers» еріктілер қозғалысының төрағасы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ