Семейдің дамуындағы басты басымдық әлеуметтік салаға беріледі

388
көрілім

Өңір басшысы Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ол тұрғындарға қала дамуының оң динамикасы мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы Семей  - ғылым және денсаулық сақтау орталығы ретінде көрінуі тиіс екенін атап өтті. Өйткені, қаланың әлеуметтік саласы медициналық және оқу орындарының дамыған желісімен ұсынылған. Мәселен, өткен жылы онкологиялық диспансердің ядролық медицина орталығында Қазақстанда теңдессіз радионуклидтік терапия бөлімшесі ашылды. Онда бүгінгі күні 230-дан астам пациент радиоактивті йодпен емделді. Ал, радионуклидтік диагностика бөлімшесінде 607 пациент диагностикалық зерттеулерден өтті. Жоспар аясында IN-Vitro + жеке компаниясы 80 төсектік оңалту стационарын салды.
Өткен жылы облыста білім беру саласы бойынша 2100 орындыққа арналған үш мектептің құрылысы жүргізілген. 1500 орынға арналған екі мектеп Семей қаласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Шығыс кентінде 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы Степной кентінде 300 оқушыға арналған мектеп ашылады. Айта кету керек, мектеп құрылысы қаланың шет аймақтарын қамтиды. Сонымен қатар, жоспар аясында Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жаңа модификацияға сәйкес 30 мектеп кабинеті жабдықталған. Сондай-ақ, 50-ден астам білім беру нысаны жөнделді.