Семейлік боксшы Азия чемпионатында алтын медаль иеленді

1201
көрілім

Жерлесіміз Руслан Күзеубаев Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджера қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында тұғырдың ең биік сатысына жайғасты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Тоғыз күн бойы құрлықтың кіл мықтылары Фуджерадағы шаршы алаң бәсекесінде жүлде үшін өзара шеберлік байқасты. Отандастарымыз да аталмыш сында айтарлықтай сәтті өнер көрсетті. Шалқар Байсарин мен Руслан Мұздыбаевтың қоластында жаттығатын Руслан Күзеубаев 52 келі салмақ дәрежесінде дес бермей, алтын медальды мойынға тақты. Алдымен қытайлық, екінші айналымда Ирак елінің үздігін, ширек финалда өзбек спортшысын жолынан ығыстырса, ақтық сында тәжікстандық Абубакир Муродовқа еш мүмкіндік қалдырмады.

Маңыздысы сол, Руслан әр жекпе-жегін 5:0 есебімен аяқтап, сақадай-сай әзірлікпен барғандығын байқатты. Әкесі әрі алғашқы бапкері Руслан Мұздыбаевтың айтуынша, Азия чемпионаты алдында жеті оқу-жаттығу жиынына қатысып, спорттық бабына енген. Алда әлі ел чемпионаты, мамандар сенімінен шыға білсе, түрлі халықаралық, әлемдік додалар күтіп тұр. Биылдан бастап ел құрамасына алынған жерлесіміз бүгінде спорт шебері.

Әділхан ЕСІМХАНОВ