Ақтөбе қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел біріншілігінде алғашқы жарыс күнінің қорытындысы шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сайыс басталған күні үш салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі белгілі болды. Әзірге Нұр-Сұлтан қаласының палуандары сәтті белдесуде. Бұл жерде 63 келіге дейінгі дәрежеде семейлік Асаухат Мұхамадиевтің қарқынына шыдас берер ешкім болмады. Өкініштісі сол, жерлесіміз бірнеше жылдан бері елордалық спортшылар сапында өнер көрсетіп келеді. Шешуші сында жастар арасындағы Азия чемпионы, Алматы облысының өкілі Ғалым Қабдунасыровтың осал тұсын тапты. Бірінің қателігін бірі аңдып, белдесу қарқыны бір сәтке тоқтамаған-ды. Дей тұрғанмен Асаухат бапкерлер сенімін ақтай білді.
Алматы облысының палуандары 63 және 87 келі салмақта финалға жолдама алғандарымен алтын медаль алудың сәті түспеді.