Еркін күрес шеберлеріне жетпей тұрған екі жолдамаларға иелік ету үшін қос спортшымыз бозкілемге беттейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семей қаласының тумасы, жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Дәулетбеков 86 келіге дейінгі дәрежеде өз мүмкіндігін байқайды. Жеке бапкері Роллан Көксегенов өзінің бір сұхбатында қызу дайындық тек осы жарысқа бағытталып жатқандығын мәлімдеген-тұғын. Артылар жүктеме де соған сәйкес ауыр. Қазіргі уақытта ел құрамасында 57, 65, 74 және 97 келіге дейінгі салмақтарда Олимпиада жолдамасы бар. Жетпей тұрғаны осы 86 келі мен 125 келіге дейінгі салмақтарда. Алыптар текетіресінде лицензия үшін Юсуп Батырмурзаев бағын сынайды. Бұл жерде жолдаманың тек финалға шыққан спортшыларға берілетіндігін айта кеткен жөн.
Айта кетейік, құрлықтық квалификациялық жарыс сәуір айының 9-11 аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.