Семейлік палуанның бұрынғы қарсыласы Әлем чемпионатына қатыспайды

685
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Соңғы уақыттары 92 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттеп жүрген Әділет Дауланбаев Норвегияда өтетін байрақты бәсекеде бақ сынамайтын болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бапкерлердің айтуынша, спортшының ескі жарақаттары сыр беріп, Ослодағы аламаннан тыс қалмақ. Әу баста тізімге 10 спортшы ілінгенімен соңғы сәтте біреуі азайды.
- 92 келіге дейінгі дәрежеде белдесетін Әділет Дауланбаев жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Дәрігерлер жаттығу жасауына да рұқсат берген жоқ. Ал оның орнына спортшыны ауыстырып, виза дайындауға үлгермейміз, - деді бас бапкер Әсет Серікбаев.
Естеріңізде болса, Дауланбаев осыдан бірнеше жыл бұрын жерлесіміз Азамат Дәулетбековпен белдесіп, кездесу семейлік палуанның пайдасына шешілген-тұғын. Сыралғы қарсыластар 86 келіге дейінгі салмақтың үздігін талай белдесулер бойы анықтап келді.
Айта кетейік, Ослодағы дода қазан айының 2-10 аралығында өтеді. ШҚО спортшыларынан ел құрамасы сапында Азамат Дәулетбеков пен Олег Болтин белдеседі.