Семей қаласында жоғалған малын іздеймін деген тұрғын ұрыларды өзі ұстамақ болған. Алайда арты шытырман оқиғаларға ұласып кеткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Семей қаласының іргесінде орналасқан қожалықтың басшысы үш бұзауының жоғалғанын байқаған. 80 жастағы ер адам бұзауларын жайылымда қалды деп полицияға хабарламастан өзі іздеуге шығады.
Орман маңынан өте бере зейнеткер арқанмен ағашқа байланған бұзауды көріп қалған. Мал ұрлаушылардың әрекеті деп ойлаған ол мылтығын алып қаскөйлердің үстінен сол жерде түспек болады. Бұл ойын тек күйеу баласына ғана телефонмен айтқан.
Біраз уақыттан кейін «Фольксваген» маркалы көлігін тізгіндеген орта жастағы екі ер адам бұзауды көлік жүксалғышына тиемек болған. Осы уақытта мал иесі ұрылардың бұл бассыздығын доғаруды талап етіп, ескерту ретінде ауаға оқ атады. Бірақ бұл әрекетіне қылмыскерлер еш мән бермеген.
- Шарасы қалмаған жәбірленуші ұрының бірінің аяғына атып жіберген. Жараланған ұры серігімен бірге мал иесін ұрып, көліктің артына қолын байлаулы күйде отырғызып қояды. Оқиға орнына дәл жетіп үлгерген күйеу баласы қылмыскерлердің кетуіне жол бермей тәртіп сақшыларын шақырып үлгерген, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына келген құқық қорғау органының қызметкерлері қылмыскерлерді құрықтап, қазіргі уақытта 44 және 57 жастағы айыпталушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Полицейлер қылмыс жасамақ болған кезде немесе қылмыс фактісі байқалған уақытта дереу «112» нөміріне хабарласуларын сұрайды.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ