Семей қаласының тұрғыны өз қаражатына Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатты. Ер адам қымбатқа түскен монумент демонтаждала ма деп алаңдап отыр, Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Берікхан Жұмаділов «Алаш» қозғалысының көшбасшысына ескерткіш қою идеясын 4 жыл бойы ойластырған екен. Алайда бірден кірісіп кетуге қаржы мәселесі тоқтау салған. 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында Берікхан 500 мың теңге ақша жинаған. Осы қаражатпен ол жергілікті мүсіншілерге барған.
– Олар менің таныстарым. Өз ісінің шебері. Олар саяси қайраткерлердің қоқыстан тауып алған ескі бюсттерін реставрациялауға көмектескен еді. Тарихымыз ғой деп, жинап жүрмін. Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Бұл сол Тәуелсіздікке бірінші болып күрескен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен тұспа-тұс келді, – дейді Берікхан Жұмаділов.
Жиналған ақша материалға ғана жұмсалыпты.
– Біз композит материалды қолдандық, оның құрамында цемент белгілі бір пропорцияда бар, бұл құрам өте жақсы қолданылып келеді. Тастан да жасауға болар еді, бірақ қымбатқа түсер еді. Бұл материалмен де ескерткіш көп жыл тұрады, қандай ауа райы болса да мызғымайды. Образды портретіне қарап салдық. Монументті тарихи тұлғаның бойымен түгелдей алдық. Әлихан Бөкейханның парақ ұстап тұрған бейнесін қаладық. Ескерткіш кварцпен қапталған, үстінен қола жалатылған, – дейді мүсінші Болат Кәрібаев.
Ескерткіш Ертіс өзенінің жағасында орналасты. Осы маңда оның авторы – Берікхан Жұмаділов тұрады. Ер адам жергілікті тұрғындарды шақырып, салтанатты түрде ашқысы келгенімен, бұл еңбегі күйіп кете ме деп алаңдап отыр.
– Ескерткішті демонтаждау керек шығар. Сөйтсек, әкімдік қарсы екен. Адамдар қайта-қайта келді. Мұны заңсыз деп, идеямнан бас тартуымды сұрады. Бастапқыда заңды түрде жерді тіркеп, рұқсат алуым керек еді. Осындай ескертулер жасала бастағанда ескерткішті орнатуға асықпадық. Біреу-міреу сатып ала ма деп те ойладық. Бірақ ескерткіш жасалып қойды ғой. Шеберханада тұрғанына үш ай болды. Сосын шеберлер оны маған беріп, мен өз кезегімде оны орнатып қойдым. Енді алып тастау керек деп жатыр. Өкінішті. Бұл ақ ниетімізден жасалған дүние ғой. Қаншама еңбек пен қаражат, – дейді Берікхан.
Сөйтсе, қалалық әкімдік Әлихан Бөкейханға ескерткіш қойғалы жатыр екен. Қаражат та қарастырылған, конкурс та өтіп қойған деседі.