Қымыз - ішсең сусын, жесең - балмұздақ. Атадан қалған ұлттық сусынның жанға дауа, дертке шипа екені бәріне белгілі. Желіде бие байлап, сабада қымыз ашытқан бабаларымыздың даналығын неге бағаламасқа!
Жуықта семейлік Айдын есімді жас кәсіпкер ұлттық сусынның түрін өзгертіп, одан балмұздақ жасап шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Балалар қымыздан гөрі, балмұздақты ұнатады
21 жастағы Айдын Серікқазин Семей қалалық Абай ауданында дүниеге келген. 2019 жылы Қаржы экономикалық колледжін үздік тәмәмдады. Жастайынан елгезек болып өскен бозбаланың ұшқыр қиялы арманына адастырмай жеткізді.
- Қазақта ұлттық өнімнің түрі көп. Бірақ солардың ешқайсысын патенттеп ала алмай жатырмыз. Қымыздың өзіне «құда түсіп» меншіктеніп жатқан елдер аз емес. Мысалы көршілес қырғыз елінде қымыздан жасалған балмұздақ брендке айналған. Біз әлі де елікке сырттай ен салған есер аңшының күйін кешіп келеміз. Осындай ойлар мені қымыздан балмұздақ жасауға себепші қылды. Қымыздың отанында отырып неге өнім шығармасқа деген ой келді. Сөйтіп 4-5 күн ішінде алғашқы балмұздағымды жасадым. Менің өнімімнің рецебі мүлде бөлек, - дейді кейіпкеріміз.
Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жас кәсіпкер бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 505 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік грантты жеңіп алды.
- Өзім жылқы малын жақсы көргеннен кейін неге осыны дәріптемеске деп ойладым. Қымыздың денсаулыққа пайдалы екенін бәріміз білеміз. Бірақ балалар қымызды ашырқанып ішпей жатады. Ал балмұздақ балғындардың сүйікті тағамы. Сондықтан қымыздан балмұздақ жасауды қолға алдым, - дейді жас кәсіпкер.
Екі түрлі өнім шығарады
Бүгінде Айдын балмұздақтың екі түрін шығарады. Бірі саумалдан, екіншісі ашытылған қамыздан жасалған. Оның айтуынша, екеуінің дәмі екі түрлі. Саумалдың балмұздағы тәтті болса, ашытылған қымыздан жасалған балмұздақ қышқыл екен. Бір ерекшелігі, балмұздақтың құрамында химиялық қоспалар мүлдем жоқ. Тек түрлі жеміс жидектер ғана қосылыпты.
- Бұл менің алғашқы кәсібім. Әуел баста телефон жөндейтін орын ашқым келген. Бірақ қазір ондайлар өте көп. Жаңа идея керектігін түсіндім. Көп ойланып-толғанып балмұздақ өндірісін ашуға тәуекел еттім. Ең бастысы қымыздан жасалған балмұздақ - табиғи өнім. Қазірдің өзінде сұраныс көптеп түсуде. Бұйыртса өнім нарыққа шығады, - деді ол.
Айдын қымыздан өнімін шығаруға тастүйін дайын. Тек құжаттарын рәсімдеу кезегі ғана қалыпты. Қазірде Семей қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінен арнайы орын алуға келіссөз жүргізуде. Өнім өндіру жолға қойылған кезде балмұздақ тек Семей өңірінде ғана емес, басқа қалаларда да саудаға шығарылатын болады. Тіпті алдағы уақытта мүмкіндік болса,жетелге экспорттауды жоспарлауда. Балмұздақ бағасы қымбат емес, небәрі 250 теңге.
Жаңа өнімінің атауы – QAZ-ICE
- Қымыз өзіміздікі. Алдағы уақытта қымыздан тағы да басқа өнімдер шығару ойымда бар. Сайып келгенде мақсатым - ұлттық өнімімізді дәріптеу, - деді Айдын әңгіме барысында.
QAZ-ICE - бұл жас кәсіпкердің жаңа өнімінің атауы.
«Жас келсе-іске» дегендей осындай жаңашыл бастамалардың ұйтқысы болып жүрген жастардың тың идеялары ешқашан толастамайтындығына кәміл сенеміз.
Таунар ҚАЙРАТ