42 шақырымдық марафон додасында бақ сынаған жерлесіміз Жанна Мамажанова Олимпиада ойындарына жолдама беретін нормативті орындап қана қоймай, сол сайыста топ жарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық олимпиадалық комитет таратқан мәліметке сәйкес Австрияның Фюрстенфельд қаласында өткен бәсекеде Жанна өзінің спорттық мәнсабындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Айталық, төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама иелену үшін 2 сағат 29 минут 30 секунд уақытын көрсету керек болса, семейлік желаяқ 2 сағат 29 минут 01 деген уақытты көрсетті. Яғни, 42 шақырым 195 метр болатын қашықтықты екі жарым сағатқа жеткізбей бағындырған. Үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, жарыс бойы өзін өкшелеген чехиялық Тереза Хрочовадан бес секундқа озды.
Айта кетейік, Жанна Мамажанова облыс қоржынына Олимпиада ойындарының сегізінші жолдамасын әперді.