Жерлесіміз Надежда Дубовицкая АҚШ өткен "Гауһар лига" жарысында үздік үштікті қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Надежда Дубовицкая Diamond League Eugene 2022 додасында биіктікке секіруде үшінші орынға ие болды. Ол тіркеген нәтиже – 1, 93 метр, – делінген ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметінде.
Шығысқазақстандық спортшы спорт мәнсабында Гауһар лигаға тұңғыш рет қатысты. Алғашқы мүмкіндігінен-ақ жүлдеге ілігуі семейлік жеңіл атлеттің әлеуетті әріде жатқанын байқатады. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Украинаның сенімін арқалаған Ярослава Могучих пен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, АҚШ-тың намысын қорғаған Вашти Каннингемді өкешелеу екінің бірінің қолынан келмес.
Семей топырағының тумасы Надежда Дубовицкая 24 жаста.
Осы уақытқа дейін жабық кешендегі Әлем чемпионатының медалін иеленіп үлгерген, Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері. Биіктікке секіруден Азия рекордын орнатқан.
Жеңіл атлетиканың жарық жұлдызы Ольга Рыпакованың ізін басып, байрақты бәсекелерде жасындай жарқылдау үшін дер шағында.
Әділхан ЕСІМХАНОВ