Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сән-салтанат салығына қатысты ұсыныстар жұмыс тобында қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазір сән-салтанат салығына қатысты ұсыныстар қызу талқыдан өтіп жатыр. Жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс тобы тиісті ұсыныстарды пысықтауға кірісті. Жалпы, аталған салыққа қатысты норма 2025 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін», - деді Е.Біржанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, сән-салтанат салығын есептеудің тиісті межесі қаралып жатыр.
«Түрлі опциялар пысықталады. Бұл ретте, қымбат автокөліктердің немесе бірнеше пәтердің болуына қатысты мәселелер қаралып жатыр. Дегенмен жұмыс тобының шешімін нақты айта алмаймын, себебі талқылау процесі аяқталған жоқ», - деді вице-министр.
Биыл қазан айында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сән-салтанат салығы байлыққа емес, асыра байлыққа салынатынын айтқан еді.