Энергетикалық сусындар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Үш ай күнделікті ішкен жағдайда ағзада сусынға деген тәуелділік қалыптасып, соңы түрлі ауруға әкелуі мүмкін деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тішісі ҚазАқпартқа сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Марина Давлетбаева сергіткіш сусындарды қанша мөлшерде және кімдерге тұтынуға болатынын және оны алмастыратын өнімдер жайында айтып берді.
Маманның айтуынша, энергетикалық сусындардың көпшілігінде кофеин, сондай-ақ глюкуронолактон, өсімдік стимуляторлары - гуаранин, Парагвай матесі, қарапайым қанттар - глюкоза, фруктоза, таурин, карнитин, креатин аминқышқылдары және В дәрумендері, мысалы, никотин қышқылы, В6 және В12 дәрумендері бар. «Сергітетін сусынды тәуліктік тұтыну нормасы 0,5 литрден аспауы тиіс. Алайда оны күнделікті 3-6 ай тұтынған жағдайда патологиялық тәуелділік пайда болуы мүмкін. Энергетиктерді көп мөлшерде қолдану диареяға әкеледі, адам құсып, асқазан жарасы өршуі мүмкін.
Сергіткіш сусынның аритмияға, инфаркт пен инсультқа себеп болған жағдайлары белгілі. Энергетикті тұтыну артериялық гипертензияға, жүрек ырғағының бұзылуына, асқазан-ішек жолдарының проблемаларына әкелуі мүмкін. Олар сондай-ақ психомоторлы қозуды, тітіркенуді, ұйқысыздықты, тахикардияны, аритмияны, қан қысымының жоғарылауын тудырады. 18 жасқа дейінгі балаларға бұл сусынды мүлде тұтынбауға кеңес беремін», - дейді Марина Давлетбаева. Сергіткіш сусындарды да, кофені де ағзаға зиян келтірмейтін табиғи, жеткілікті энергия беретін өнімдермен алмастыруға болады.
Маманның айтуынша, осындай 11 өнім бар. Олар: Жемістер. Алма, банан және апельсиннің құрамында табиғи қант, дәрумендер мен талшықтар бар, олар денені күні бойы энергиямен қамтамасыз ете алады. Жаңғақтар мен дәндер. Мысалы, бадам, чиа және зығыр дәндері ақуызға, полиқанықпаған май қышқылдарына және дәрумендерге бай. Сондықтан бұл өнімдер табиғи қуат көзі.
Оларды күнделікті тұтыну нәтижесінде қуат пен сергектік береді. Асқа қосатын өсімдіктер, шпинат және аскөк дәрумендерге, минералдарға және темірге бай. Бал. Оның құрамында табиғи қант пен антиоксиданттар бар. Оны шай мен таңертең йогуртқа қосуға болады, бұл кофені тамаша алмастырады. Зімбір. Зімбірді таңертең лимон және жылы сумен араластырып, даршын немесе бал қосуға болады.
Бұл сіздің денеңізді күні бойға қуаттандырады. Мұндай энергетикалық сусын орталық жүйке жүйесіне және иммунитетті арттыруға пайдалы. Лимонник жидектерінде органикалық қышқылдар мен сергітетін заттар бар. Пайдалы сусын дайындау үшін 1 ас қасық құрғақ немесе жаңа піскен жидекті 0,5 литр қайнаған суға салу қажет. Шайды бір сағат бойы тұндыру керек. Дәмді болуы үшін аздап бал қосуға болады. Женьшень тұнбасы. Жасыл шайға женьшень тұнбасының бірнеше тамшысын қосуға немесе жай сумен ішуге болады.
Қарақұмық. Көмірсулар мен ақуыздарға бай және ұзақ мерзімді қуат беретін дақыл. Пробиотикалық белсенді бактериялары бар тағамдар. Бұл - айран мен йогурт, олар ас қорытуды жақсартып, күні бойға қуат береді. Құрамында кофеині көп жасыл шай кофені алмастыра алады. Бұл сусын сонымен қатар зейінді жақсартатын антиоксиданттарға бай. Су. Таңертең ұйқыдан кейін міндетті түрде су ішу керек, өйткені оның ағзада жетіспеушілігінен адам тез шаршайды. Сондықтан ағза сусызданбауы үшін жеткілікті мөлшерде су ішкен жөн.