Аудандармен қатар қалалардағы дүкендерде азық-түлік бағасы әлі де қымбат деп Үкімет отырысында айтылған еді. Дегенмен Зайсан ауданында бұл жағы бақылауға алынған сыңайлы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жиналыс өткен болатын. Жиынға аудан әкімі Серік Зайнулдиннен бөлек, орынбасарлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшылары мен мамандары, қала, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысқан.
– Аудан бойынша бағаны тұрақтандыру жөнінде орынбасарым Серікхан Нұртазин ақпарат ұсынды. Депутаттар мен кәсіпкерлер сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Жиынның негізгі мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы «Жаңа Қазақстан» атты Жолдауында берілген міндеттер бойынша алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу. Жиын соңында халық игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің үстеме бағасын 15%-дан асырмауды тапсырдым, – деді Серік Зинабекұлы.