ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен ШҚО Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Серік Жүнісбеков тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеке құрамға Полиция департаментінің жаңа бастығын ҚР ІІМ басшысы полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев таныстырды.
Жүнісбеков Серік Тұрсынәліұлы, 1981 жылы туған, құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, М.Х. Дулати атындағы 2005 жылы Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасын бітірген. 2005-2007 жылдары- ҚР ІІМ академиясының күндізгі оқу адъюнктурасының адъюнкті. Заң ғылымдарының магистрі, заң ғылымдарының кандидаты.
Қызметтік жолын Жамбыл облысы ІІБ 2-ші полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастады.
Қызмет еткен жылдары әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. Оның ішінде Жамбыл облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Академиясы бастығының орынбасары болды.
Жоғары кәсіби қасиеттері үшін 2019 жылы Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, ал 2021 жылдың наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды.