"Серпін" бағдарламасы бойынша елімізде 11 мыңнан астам студент білім алуда

657
көрілім

2014 жылы қолға алына бастаған «Серпін» бағдарламасы бойынша Қазақстанның тоғыз өңірінде 11296 студент білім алып жатыр. Бұл туралы Семей қаласында өткен «Серпін: І республикалық форумында» айтылып өтті.

«Серпін» қоғамдық жоба ретінде жүзеге асырылған алғашқы жылдан бастап, 2000 орынға 10 мың өтініш келіп түскен. Екінші жылы өтініш берушілердің саны 3 есе артып, 6200 орынға, яғни әрбір орынға 7 адамнан келді. Ол кезде 19 ЖОО мен 45 колледж жұмылдырылған болатын. Жыл өткен сайын бағдарламаға қатысушылардың саны көбеймесе, азайған емес. Қазіргі таңда «Серпін» бағдарламасы бойынша келген студенттердің 2896-і елуден астам колледжде білім алса, 8400-і жиырма екі Жоғарғы оқу орындарында.

ШҚО ақпараттыңқ орталығының хабарлауынша, Семей қаласында өткен серпіндіктердің форумы үш күнге созылып, бағдарлама аясында «Серпін» жастары «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу акциясына» атсалысқан. Сонымен бірге, студенттер «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай, «Алаш ардақтыларының жүріп өткен іздерімен» айдарымен Семейдегі Алаш қайраткерлерінің есімдерімен байланысты тарихи орындарға тағзым етіп, «Ұлылыар мекеніне тағзым» атты арнаулы бағдар бойынша Жидебайдағы Абайдың республикалық қорық – мұражайында болып қайтты.