«Шабыт» жас ақындар мектебі жұмысын қайта бастады - Өскемен

1071
көрілім

Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі Серік Ғабдуллаұлы негізін қалаған «Шабыт» мектебінің жұмысын айтыскер ақын Серік Қуанған жалғастырмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана кезекті келелі басқосудың куәсі болды. Оқушылар көпшілік алдында қара сөзден суырып салып, меймандар қошеметіне бөлінді. Ізінше, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері азаттық һәм жастық жалыны сөз етілген өлең шумақтарын арнады.

Поэзияда тыңдармандарын тапқан белгілі ақын Серік Құсанбаев, Бақытжан Райсова, Қалқаман Сарин және шығармашылықтың өзге де өкілдері кейінгі буын іні-қарындастарының қадамын қолдап бақты.


– Серік Ғабдуллаұлы негізін салған мектеп 1994 жылы құрылған еді. Содан бері талай ақынның томағасы сыпырылды. «Шабыт» мектебінің бағыты айқын, өкілдері әрдайым арамызда, – деді Серік Қуанған.


Қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, журналист Олжас Керейхан және жоғарыда аталған аға буын жастарға батасын берді. Қалқаман Сариннің айтуынша, осындай мектептер мен орталықтардың көптеп ашылуы рухани орданың іргесін бекіте түседі. Ақындар әрі қарай да қоғамдық шаралардың бел ортасында жүріп, бір бағытта емес, жан-жақты болуға дағдылануы тиіс деді.


– Жастардың әр қоғамның болашағы екені дәлелдеуді қажет етпейтін түсінік. Оларды қолдау таланттардың жолын ашумен тең. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, таланттарды тауып іздемесек, олардың шабыты да қайтады, – деді  қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.


Шара соңына қарай елге белгілі ақын Абаш Кәкенов сөз алып, бір әріпке ұйқастыра құрылған жыр шумағын оқып, көпшілікті бір таң қалдырды.