Шалғай елді мекендердің тұрғындары ескі банкноттарды айырбастауда кедергілерге тап болуда

504
көрілім

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылдың 14 қарашасынан бастап кейбір ескі қағаз ақшаны қабылдауды тоқтатқан болатын. Аталған жаңалық газет бетінде жарық көрісімен редакциямызға қоңырау шалушылар қатары көбейіп кетті. Барлығының мәселесі біреу ғана - ескірген банкноттарды айырбастау уақытын өткізіп алған. Бұл әсіресе өңіріміздің шалғай орналасқан ауыл-аймақтарының тұрғындарына тән. Себебі қандай дейсіз бе? Бірі берілген уақытты елемесе, екіншісі мүлдем білмеген, ал үшіншісінің аяғы аудан орталығына жетпеген...

 

Қолдағы ақшаның қайыры жоқ

- Қолымыздағы қағаз ақшаның кейбірі ескіріп кеткен екен, - дейді Күршім ауданына қарасты Қалжыр ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың бірі. - Енді айналымнан алынған ақшаны қайда апарып айырбастарымызды білмей отырмыз. Ауылды жердегі "Қазпошта" бөлімшелері қабылдамайды, аудан орталығына апарсақ ол жердегілер айырбастау уақытының өтіп кеткенін айтып, облыс орталығына бару қажеттігін алға тартты. Аяғымыз аудан орталығына әзер жетіп жүргенде қалаға қалай барамыз?

Осылайша жол азабын алға тартқан оқырманымыз ақша айырбастаудың басқа мүмкіндігінің ауылды жерлерде ұйымдастырылған-ұйымдастырылмағанын білуді қалады.

- Бұл жайлы бұрын-соңды естімеппін, - дейді атын атамауды жөн көрген тағы бір оқырманымыз. - Ақшаларыңды айырбастауға он жыл уақыт берілген дейді банктегілер. Енді оны тек Өскемен қаласына барып айырбастай алады екенбіз. Бұл сонда қалай болғаны? Ауылды жерде болмаса да, аудан орталығындағы банк бөлімшелері бұл істі жалғастыруғ болмас па екен?

 

Уақыты өтіп кетті

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген ҚР Ұлттық Банкі Шығыс Қазақстан филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина бүгінгі таңда 1998-2003 жылдардағы үлгідегі банкноттарды айырбастау 2018 жылдың 14 қарашасында толық аяқталғанын айтады.

- Бұл ретте 2007 жылдың қараша айына дейін айналымда болған номиналы 1999 жылы шығарылған 200 және 500 теңгелер, сондай-ақ 2000 жылы шығарылған 1000 және 2000 теңге, 1998-2001 жылдары аралығында шығарылған 5000 теңге және 2003 жылы шыққан 10 000 теңгелік банкноттарды айырбастауды екінші деңгейлі банктер бір жыл ішінде, яғни 2007-2008 жылдары, ал Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі филиалдары 10 жыл ішінде, яғни 2008 жылдың 15 қарашасынан бастап 2018 жылдың 14 қарашасы аралығында жүзеге асырғанын айтамыз, - дейді Айнагүл Құмарқызы. - Бұл банкноттар бұдан былай еш жерде қайтарылмайды және айырбасталмайды. 2007 жылы 15 қарашада 1998-2003 жылы шыққан бағалы қағаздар төлем құралы ретінде заңды түрде алынып тасталды.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталған банкноттарды айырбастау бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары айырбастаудың барлық кезеңінде жүргізіліп келген көрінеді. Ал осы аралықта, яғни 10 жыл ішінде ескі ақшаны айырбастап үлгермеген тұрғындардың енді оны естелікке сақтап қоюдан басқа амалы жоқ.

- Қазіргі таңда Ұлттық Банк филиалдарында 2006 жылы шығарылған үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттар 2020 жылдың 3 қазанына дейінгі, ал номиналы 1000 теңгелік банкноты 2021 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта айырбастау жүргізіледі, - деп қосты Айнагүл Жолдыбалина.

 

***

 

Қоса кетсек, бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктерде айырбастау уақыты түгесілген теңгелерді жаңасына айырбастау тек Ұлттық Банк филиалында ғана жүргізіледі. Ал Ұлттық Банк филиалы облыс орталығында орналасқан. Демек қолында 2006 жылы шығарылған банкноттары бар тұрғындар алдағы 2-3 жыл көлемінде ескісін жаңасына айырбастай алмақ.

Ұлттық Банктің Өскемен қаласындағы филиалы ескі банкноттарды айырбастауды жұмыс күндері сағат 9.00-ден 15.00-ге дейінгі аралықта Қазақстан көшесі, 3 үй мекенжайында жүргізеді. Түскі үзіліс: 13.00-ден 14.00-ге дейін.

Қолма-қол ақша айналысына қатысты барлық туындаған сұрақтар бойынша Өскемен қаласында орналасқан Ұлттық Банк филиалына жүгінуге немесе 8 (7232) 560-682, 560-683 телефондарына қоңырау шалып білуге болады.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

 

Қоса кетсек:

Ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары туралы ақпарат www.nationalbank.kz сайтының "Ұлттық валюта" бөлімінде орналастырылған.