Аймақта шекаралық аудандарды дамыту мақсатында 2020-2024 жылдар аралығында 218 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шекара маңындағы 5 аудан халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында кешенді жоспар әзірленді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов халыққа есеп беруінде айтты.
– 2020-2024 жылдар аралығында 218 млрд теңгеге бөлініп, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай және Үржар аудандарының мәселелері мен келешегі жіті пысықталды. Осы ретте, өткен жылы Күршім мен Үржар ауылдарында 2 жүзу бассейні, Мақаншы ауылында спорт модулі салынды. Сондай-ақ 17 екіпәтерлік және 1 отыз пәтерлік үй пайдалануға берілді. 3 көппәтерлі үйдің құрылысы басталып, 105 білім беру, 6 денсаулық сақтау, 9 спорт, 31 мәдениет объектілері, 270 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөнделді, - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, Тарбағатай, Күршім және Үржар аудандарының ауылдарына сумен жабдықтау желілері тартылып, 18 елді мекенге блокты-модульді станциялар орнатылды. Шекаралық аудандардың ауруханаларындағы перзентхана бөлімшелерін II деңгейге ауыстыру үшін 989 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды.
– 2021 жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй, 8 су құбыры, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 спорт модулі және 3 мәдениет объектісінің құрылысы жоспарланып отыр. 26 білім беру, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 6 мәдениет объектісінде жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 12 су құбыры және 230 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөнделетін болады. Жалпы биыл бес шекаралық ауданды дамытуға 59 млрд теңге жұмсалады, - деді Даниал Ахметов.