Өскеменнен Астанаға тартқан пойыздар қайтадан Шар станциясы арқылы жүре бастауы мүмкін. Бұлай деуімізге басты себеп: облыс әкімінің Инвестициялар және даму министрлігіне облыс орталығынан астанамызға дейінгі теміржол қозғалысын қайта жолға қою туралы өтініш хатын дайындау жөніндегі тапсырмасы болды.
- Қазіргі уақытта Астанадан шыққан пойыз Семейге дейін ғана барады. Ал ол жерден жолаушылар Өскеменге қарай түрлі көлікпен жетеді, - деді облыс әкімдігінің отырысы барысында өңір басшысы Даниал Ахметов. - Біз Семейге дейін, сонан соң Шарға дейін, Шардан Өскеменге дейін жетуіміз керек. Осы мәселені шешу қажет. "Өскемен-Астана" бағытындағы темір жол қозғалысын ұйымдастыру жөнінде министрдің атына хат дайындау қажет.
Отырыс барысында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов қазіргі уақытта аталған мәселенің қарастырылып жатқанын алға тартты.
Естеріңізге салсақ, біз бұған дейін жыл басынан бастап "Тұлпар-Тальго" ЖШС пойыздарының "Өскемен-1 — Астана-Нұрлы жол" бағытындағы қозғалысының тоқтатылуы облыс тұрғындарының арасында түсінбеушілік туындатқаны жайында жазған болатынбыз. Өйткені бұл пойыздармен Астанаға тез арада жету мүмкіндігі болған. Өйткені ол кедендік бақылауы бар Ресейдің Локоть станциясы арқылы емес, өзіміздің Шар станциясын басып жүрген еді.
Егер аталмыш бағыттағы пойызды қазіргі уақытта жүріп тұрған №376/375 "Астана-Нұрлы жол — Риддер" пойызымен салыстырсақ, біріншісі жолда жеті рет қана тоқтап 17 сағат жүрсе, Риддерге қатынайтын пойыз жолда 42 аялдама жасап, межелі жерге 28 сағат жүреді.
Ерлен ОСМАНОВ