Биылғы жылы Шемонаиха ауданы 50 отбасын қабылдауды жоспарлап отыр. Көшіп келушілер мемлекеттен қолдау алады. Шемонаихалық делегаттар оңтүстік аудандарда болып көшуге дайын бірнеше үміткерді таңдады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
– Үміткерлерді біз қажеттілікке қарай таңдаймыз, – дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Вика Лисина. — Мысалы, бізде медицина қызметкерлері тапшы. Гинеколог, лор-дәрігері, бірқатар ауылдық ФАП фельдшерлерінің орындары бос. Сондай-ақ, қазақ тіліне жетік мұғалімдер жоқтың қасы.
Сонымен қатар, ауылшаруашылығы мамандары да жетіспейді.
Шемонаиха ауданы әкімдігі мен жұмыспен қамту қызметінің өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында болып біздің өлкеге келгісі келетін үміткерлерді таңдады.
– Түйіндемесін тапсырғандардың ішінен 12 үміткер таңдалды, – дейді Вика Лисина. – Олардың көбісі педагогтар. Олар облыстық комиссияның бекітуін күтуде. Жас мамандар сәуір айында келеді деп жоспарлануда.
Көшіп келушілерге арнап Шемонаиха ауданында 60 пәтерлі тұрғын үй салынады.
Оңтүстіктен тұрақты тұруға келген жас мамандар мемлекеттен көмек ретінде қызметтік баспана алғанға дейін ай сайын 75 мың теңге пәтерақы және 70 мың теңге көлемінде бір реттік субсидия алады.
Сондай-ақ, біздің өңірде көшіп келушілерді Зырян ауданы мен Риддер қаласы да қабылдауға әзір.
Ерлен Османов