Шемонаиха ауданында аю атқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазан айының басында табиғат қорғау полициясы Шемонаиха ауданы, Большая Речка ауылынан солтүстікке қарай 7 шақырым жерде жүргізілген рейд барысында аюдың өлексесін тапты. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде сол ауылдың 26 жастағы тұрғыны ұсталған. Белгілі болғандай, ер адам тұзақ орнатып, тіркелмеген екі ұңғылы мылтықпен аюды атып алған. Содан кейін жабайы аңды сойып, етін өзімен бірге алып кеткен.
– Күдіктінің үйін тінту кезінде тіркелмеген екі ұңғылы мылтық пен оқтар, пышақ, мотоцикл, аю еті салынған 50-ден астам полиэтилен пакет тәркіленді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды, - дейді ШҚО Полиция департаментнің бастығы Сағат Мәдиев.