Өскеменнен бағыт алған жүргізушілер жүрер жолда сол жаққа бұрылып, сұғына кіре бергенде «ауылдардың ішіндегі алыбы осы болар» деп таңдай қағулары мүмкін. Бәлкім 90-жылдары шынымен-ақ жұмысшылардың ду-ду, көліктердің зу-зу еткен у-шуынан бұл ауылдың тасы өрге домалап тұрған болар. Ал қазір ше? Құдды бір қорқынышты фильм түсіру үшін елді мекенді әдейі қаңыратып қойған ба дерсің. Талай жылдан бері тұрғындары көшіп кеткен көпқабатты үйлердің көлеңкелі тұсынан шашы жалбыр-жұлбыр біреу елес беріп тұр ма дегенде зәре жоқ. Бұл мақалада Шемонаиха ауданына қарасты Первомайский кентінің қазіргі келбеті жайлы жазылады. Әрине ресми мәліметтер аудан әкімдігі тарапынан ұсынылды.
Көшіп кетуге бекінген
Әдейілеп атізін салмағанымыз рас мұнда. Тек жолай өтіп бара жатқанда ауыл атауы жазылған тақтайшаға тіл бітіп, ауылға бас сұғуымызға бағыт бергендей болды. Иә, аумағы ат шаптырым ауылдың үйлері жиі орналасқан, онымен қоса әу баста тұрғындардың тығыз шоғырлануынан болар, көшелері де жинақы. Бірқатар нысандар да әлі келбетінен айырылмаған. Алайда ауылға кіре бергенде көзімізге оттай басылып, «мен мұндалаған» көпқабатты үйлерде талайдан бері мүлгіген тыныштық орнағандығынан бейхабар едік. Айналаға көз тастап, «бұл үйлердің тұрғындары қайда кеткен?» деп іштей ойға шомып тұрғанда дорбасын көтеріп, Металлург көшесімен әлдеқайда асығып бара жатқан бұрымдыны көзіміз шалды. Дүкеннен келе жатыр екен.
– Түбінде басқа жаққа қоныс аударамыз деп бекініп отыр көпшілігі. Бірсыпырасы көшіп те кетті. Десе де облыс орталығынан осында көшіп келуге ниеттілер де аз емес, – дейді Светлана (кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілген) есімді оқушы. – Бір жағынан ауылдың географиялық орналасуы қолайлы әрі ауасы да таза. Көшіп келгендер ауыл іргесіндегі мектепке, май зауытына жұмысқа орналасып жатады. Қаңырап тұрған көпқабатты үйлерді көріп көбі қоныс аударамыз деген райынан тез қайтады. Десе де пәтерлердің жағдайы бәлендей жаман емес.
Шынымен де, бір жерде тұрақтап, мүлгіген орманы мен суы мол Первомайскийде қаламын дегендер баспаналарына шама-шарқынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жыртығы мен тесігін ілдебайлап жамап, бүтіндеп алған. Светлананың сөзінше, осы ауылға бүйрегі бұрған жандар жөндеу көрмеген үйді 500 мың, ал жағдайы біршама тәуірлерін 900 мың теңгеге сатып алуға болады. Осы уақытқа дейін біршама шаңырақ Ресейге атбасын бұрған. Қазір кенттегі тұрғындар саны – 4080 адам. Сенесіздер ме, бір жылдары Первомайскийде 15 мыңға жуық адам тұрған! Ол кезде Ертіс химия-металлургиялық зауытының (ары қарай ЕХМЗ) ісі ілгерілеп, қаншама жұмысшы кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шыққан. Қазір соның ізі де қалмапты.
«Қиратып кетсе де таңданбаймыз»
Рас-өтірігіне бойлай алмадық, алайда ауылындағы өзгерістерден жан-жақты хабардар Светлананың сөзінше, жаз айларында мұнда алыс-жақыннан атізін салған балалардың ойын қуып, абыр-сабыр болған дауыстарынан құлақ тұнады. Иә, қыраулы қыс алдында сілтідей тынған елді мекеннің жаз шыға қайта ояна бастайтындығына сену қиын. Қазір Первомайскийдегі 37 көпқабатты үйдің алтауы бос тұр. Қалған 31 үйде тұрғындар толық орналасқан деп те айта алмаймыз. Себебі бес қабатты үйлердің бірінде 4-5, ары кеткенде 8-10 адам ғана тұрып жатыр.
– Осы көшеде 18 көпқабатты үй болған, қазір қалғаны бес-алтау. Әйтеу әркім өз бетінше тірлік жасап, күн кешуде. Алдағы уақытта оң өзгерістің боларына күмәніміз бар. Әкімдер де жиі ауысып жатады. Санаулы тұрғыны бар үйлерді бір күні келіп қиратып, құрылыс материалдарына қажеттісін таңдап алып кетсе еш таң қалмаймыз. Олар да көп ұзамай анау тұрған коллизейдің қатарына қосылар, – дейді Анатолий есімді зейнеткер ауылдың шет жағын нұсқап.
Шынымен де, алыстан қарағанда сол үйлердің күн түспеген қараңғы тұсынан сұсты біреу сығалап тұрған сыңайлы. Қираған көпқабатты үйлер түн мезетіне шым-шытырық оқиғалардың куәсі атанатындай. Анатолий қарияның жуық арада ауылда бәлендей өзгеріс бола қоймайды деуін біртіндеп ұғына бастадық. Өзі бір жылдары мана айтқан ЕХМЗ-да жұмыс істепті. Шаруашылығын шыңға шығара бастаған мекемеде 3500-дай адам жұмыс істегені қиялғажайып әңгіме сияқты естіледі. Себебі қазір онда небары тоғыз жұмысшы бар. Олардың өзі күзетшілер.
– ЕХМЗ-да жоғары сапалы титан шығару бойынша өндірістік қызметті «ИХМЗ Динатрон» ЖШС компаниясы жүзеге асырады. Ал кенттің алдағы жоспарына келсек, әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру мақсатында перспективалық жоба әзірленіп, бекітілді. Жөндеу және абаттандыру бойынша іс-шаралар белгіленді, – деді аудан әкімі Григорий Акулов.
Зауытты аяққа тұрғыза ма?
Аудан басшысының сөзінен де нақты қолға алынатын жұмыстың лебі байқалмады. Кезінде уақытпен санаспай, зауыттың еңбек қазанында бірге қайнаған Анатолий қарттай жұмысшылар қазір жастары келіп, уақыт өткен сайын шөге бастаған. Ол кездері ЕХМЗ-да титан құймалары көптеп өндірілсе, соңғы жылдары мүлде тұралаған. Аудан әкімдігіндегілердің сөзінше, зауытта өнімнің соңғы шығарылымы осы жылдың мамыр айында жүзеге асырылған. Араға аз уақыт салып, өнім өтпегендіктен маусым айынан бастап өндіріс тоқтатылыпты. Сонда ауылда жүрген жастар қайда жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр? Май зауыты мен мектепке барлығын бірдей жұмысқа ала бермесі анық. Әлде әкімдік сол кездегі алпауыт зауытты қайтадан аяққа тұрғызбақ па?
– Жапония мен Ресей компанияларымен зауыт өнімдерін жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін (ниобий құймалары) көбейту жоспарланған, – деді аудан басшысы.
Иә, айтарлықтай өзгерістің болуы нығайбыл. Тұрғындар «Келер күнге болжам айтқаннан гөрі кенттегі жарық пен ауызсу тоқтап қалмаса болды» дейді. Бір есептен өздері де осы тұрмыстарына шүкіршілік етіп, қанағат тұтады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ