Шемонаиха ауданындағы шым-шытырық қылмыс туралы не білеміз?

357
көрілім

90-шы жылдары, тіпті одан ертерек, облыс аумағында әралуан қылмыс тіркелді. Кісіге қастандық жасап, кек алудан бастап, бағалы деп саналған заттарды жымқыру жағдайлары әдепкі тірлікке айналды. Өткенде жерлесіміз Виктор Горшков әңгімесі негізінде, солардың бірнешеуін ұсынған едік. Ендігі кезек өскемендік жедел уәкілдер үш күнге жуық бас қатырған «ғасыр ұрлығына» жетті. Иә, кәдімгі ұрлық. Бірақ жымысқы ойдың қалай жүзеге асырылғаны әлі күнге дейін кей тұрғынның санасында көмескілене қоймаған секілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Пайда әкелетін платина

Оқиға 1992 жылы Шемонаиха ауданына қарасты Первомайский кентінде болды. Дәлірек айтсақ, Ертіс химия-металлургиялық зауытында (ЕХМЗ). Аталған зауыт сол уақытта талай адамды жұмыспен қамтып, сирек металлдар өндіруде облыс көлемінде озық саналды. Бірақ Кеңес одағының уығы шайқалып, жер-жерді дағдарыс, қалаларды күмәнді кезең жайлағанда бұзақылыққа бұғау салу қиындап кетті. ЕХМЗ-ға Мәскеу тарапынан қаржы түспеді. Онда өндірілетін өнімге деген сұраныс күрт төмендеді. Тантал мен ниобий қорытпаларына қызығушылық танытқандар саны кеміді. Кәсіпорынды толық жаппай тұрып, ондағы бағалы заттардың барлығын зауыт кассасына көшіру туралы шешім қабылданды. Виктор Горшков өз естелігінде кеңес өкіметі көлемінде таңдаулы жедел уәкілдер Шығыс Қазақстанда шоғырланғанын айтқан болатын.

– Жедел көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықтық. Ол кезде дайындық болмады, тек бар ақпараттарымыз жіберіліп отырды. Қылмыскерлер тәртіп сақшыларын түгелдей дерлік танитын. Сол уақытта жедел уәкілге пара беріп, кете беру деген жоқтың қасы, – деді Үлкен Нарынның тумасы.

Аталған зауыттағы ең бағалы деген зат ол – салмағы 72 келі тартатын платинадан жасалған зертханалық ыдыс еді. Сатқан жағдайда одан түсетін пайда – 1 млн 400000 мың доллар. Бұған Өскеменде шамамен 2-3 бөлмелі 600 пәтер алуға болатын еді! Платина ыдысы кәсіпорын кассасындағы шағын бөлмеге апарылған үш жәшікке сыйып кетті. Бірақ ол жердің есігі кілтпен жабылатын. Зауыт жұмысын тоқтатса да, кассаны күзет қорғайтын. Жақын маңда арнайы пост бар-тұғын.

Ол уақытта мереке күндерін дүркіретіп атап өтпеу тәртіп сақшылары үшін сын еді. Алайда мұнымен қабаттасып, өскемендік қылмыстық іздестіру өкілдеріне Первомайский кентіне шақырту түсті. Күз айы. Қарашаның 7-сі. Күнтізбенің қызыл датасы қысып тұрса да, қылмыстық іздестіру өкілдері түн ортасында оқиға болған жаққа жол тартты. Белгісіз біреулер зауыт кассасын ашып алып, платина салынған жәшіктің бәрін қолды қылыпты. «Басқыншылар» ғимаратқа әжетхана терезесі арқылы кірген.

– Кейін анықталғандай, ұрылардың бірі күндіз қажетін өтеу үшін әжетханаға кірген де, терезенің тиегін ағытып, дайындап кетіпті. Күзетші бейтаныс адамдардың тайраңдап жүргендерін көрсе де, қауқар таныта алмады. Бажайлап қарап болғанша, біреуі газды тапаншамен бетінен атып жіберді, – делінген жедел уәкілдер естелігінде.

Күзетші құлаған күйі еденде тырп ете алмады. Ал бағалы затты иемдену жоспары бас-аяғы бес минутта орындалды. Жедел-тергеу тобы қылмыс болған жерді тінту барысында касса есігінің бұзылмай ашылғанына көз жеткізді. Демек, біреуде кілт болған. Ондай кілт тек кәсіпорын директоры мен кассирде ғана бар еді. Жасы 40-ты алқымдаған кассирдің 17 жастағы ұлы болғаны да оқиға тізбегіне енді. «Красный Восток» кітабында бұл туралы толық жазылады.

Жертөлеге жасырылған олжа

Бозбала үш сағаттай тергелсе де, жақ ашпады. Сәлден соң құқық қорғау өкілдері айлаға басып, барлық дәлел мен дәйек бар екенін, егер мойындамаса, анасы темір торға қамалатынын айтты. Арада көп уақыт өтпей, ол бәрін қаз-қалпы баяндап берді.

– Ұрланған ұсақ-түйек зат емес. Бұл уақытта ақпарат республика көлемінде таралып үлгерді. Сәл болмағанда платина қорының мол көлемі әжетхана арқылы жымқырыла жаздады, – делінген кітапта.

Ресми ақпарат негізінде бозбаланың тергеу кезінде не айтқанын ұсына кеткен орынды болар. Оның сөзінше, істің артында тұрғандардың бірі – мұндағы жұрт алдында беделі бар жігіт, тегі Фирсов. Кілттің көшірмесін жасап әкелуге пәрмен берген де сол. Дереу ізіне түсіп, оның зауыт директорының орынбасарымен ым-жымы бір екені белгілі болды. Кейін анықталғандай, тонау туралы тапсырма берген орынбасар болып шықты. Фирсовты көліктің артына отырғызып, Стахановская көшесіндегі бөлімге жеткізді. Бір күндей тіс жармады, бірақ соңында істегенін мойындап, шындығын жайып салды.

Қысқасы, директордың орынбасары платина арқылы байып шығуға болатынын ұсынды, Фирсов оны іске асыратын үш жігітті тауып берді. Әлгі үшеу ауған соғысына қатысып, кеуделеріне орден тағып қайтқандар. Әсіресе, Ауғанстан жерінде түнде орындалатын тапсырамаларды дер кезінде жүзеге асырып дағдыланған. Ал туған өлкесіне оралған бойда, жарқын өмір нышаны байқала қоймады. Айналада жұмыссыздық белең алды.

– Аяқ асты мол табысқа кенелу мүмкіндігі пайда болды. Келіспейтін несі бар? Операция жоспары пысықталған бойда әркім міндеттерін бөліп алды, – делінген жедел уәкілдер естелігінде.

Зауыттағы олжаны аман-есен иеленген соң Фирсов таң бозынан бағалы затты жертөлесіне әкеліп жасырып, бетіне картоп төкті. Жедел-тергеу тобына шұғыл Первомайский кентіне жету керек болды. Барып, Фирсовтың жертөлесін тексеру қажет. Бірақ картопты жан-жаққа ысырып тастап еді, түбінде жәшіктер жоқ болып шықты! Платина құдды ауаға сіңіп кеткендей.

– Фирсов жылармандай болып енесінің жағасына жармасты. «Қайда жасырылғанын сен ғана білетінсің! Айт тез!» деп айқайға басты. Ол күйеубаласының не айтып тұрғанын түсінбегендей түр жасады. Анықталғандай, Фирсовты көлікке отырғызып алып кеткенде, енесі үш жәшікті сиыр қораға апарып қойыпты. Әр қайсысының салмағы 20 келіден асады! Сірә, «тезек арасынан таппай қала ма?» деген үмітін өшірмесе керек.

Тергеу барысында ауғандықтардың бірінің түнгі жорық кезінде олжаны бөліскісі келмей, өзі алып кетуге оқталғаны да әшкере болды. Платинаны тиеп алып, жақын маңдағы көпірдің астына тығып қоюды ойластырыпты. Сөйтсе, олар осыған дейін зауыттан 600 келі ниобий жымқырып үлгеріпті. Ал сақшыларға бәрін тексеріп бітуге екі күннен артық уақыт кетті. 10-шы қараша, яғни Милиция күні қарсаңында Қылмыстық іздестіру қызметкерлері істің толықтай ашылғанын тойлатып жатты.

Шемонаиха қалалық сотының шешімімен Фирсов – тоғыз жылға, ЕХМЗ директорының орынбасары – үш жылға, ауғандықтар – 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Осы жайт бертінге дейін Өскеменде «Ғасыр ұрлығы» деп аталып келді. Ал Үлкен Нарын ауылы тумасының серіктерімен бірлесе ашқан іс мұнымен шектелген жоқ. Газет тілшісі алдағы нөмірлерге ұсынбақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет редакция мұрағатынан