Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы еліміздің кейбір өңірлерінің атын ауыстыруға ұсыныс жасады. Бұл туралы ол «Ұлытау облысының рухани дамуы» атты республикалық ғылыми-практика аясында айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкім былтыр ғана бой көтерген облыстың Ұлытау атауын алып жүргені сол өңірдің жұртына ерекше күш пен рух беретінін жеткізді
– Алғаш құрылғанда Орталық Қазақстан облысы деп атау жөнінде ұсыныс білдірілді, алайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын құп көріп, тарихи шешім қабылдады. Тек ол ғана емес, Жетісу, Абай облыстары да халқымыздың киелі өлкесі мен ұлы тұлғаның атауымен аталады. Бұл да көпшілікті шабыттандыратын жәйт, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Өңір басшысының ойынша, осы тенденция жалғасын табуы тиіс.
– Себебі, сонау кеңес үкіметі кезінен облыстарға әкімшілік атауды беру дәстүрге айналған. Әлі күнге дейін сол қалпында қалған елдімекендер бар. Менің ойымша, оларды мыңдаған жылдық тарихы бар қасиетті жерлердің атына өзгертуіміз тиіс. Мысалы, Батыс Қазақстанды Ақжайық, Шығыс Қазақстан облысын Алтай, Солтүстік Қазақстанды Қызылжар және Павлодар өңірін Баянауыл десек, халықтың рухы да асқақтай түсер еді, – дейді әкім.
Осы ұсыныс әлеуметтік желілерде жылдам таралып, түрлі пікір туындатты. Жақтырмағандары да жетерлік. Бірінің сөзінше, жер-су аттарын өзгертіп, жеңіл-желпі нәрсеге бас қатыру – «жылы креслода» отырып, құр босқа күн өткізу. Тағы бір желі белсендісі Ұлытау өңірі әкімінің аты-жөнін өзгертіп, жұмыстан қуып, соңында басқа елге барып жұмыс істеуін жөн көрді. Қысқасы, рухани тұрғыда жаңаруға асықпайтындар жетіп жатыр екен.
Айым ДҮЙСЕНБИНА