Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылғы наурыз айының аяғында Өскеменнің іргесіндегі Шешек асуында облыс орталығының екі бірдей тұрғыны оққа ұшып, көз жұмған болатын. Олардың артында қайғыдан қан жұтқан аяулы аналары, жоқтау айтқан жесір әйелдері, ботадай боздаған балақайлары қалды… Қылмыстық іске қатысты бұрын қаржы полициясында қызмет еткен Ернар Сахариев пен ШҚО ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасында қызмет істеген Талант Мұсабаев және «қылмысты жасыру» бабы бойынша 4 ер адам сотқа тартылды. 10 қазан күні Шығыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тек аймақ халқына емес, бүкіл республикаға таралған шулы іске қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Төрт ай тергелді
2017 жылдың 31 наурызында облыс орталығының екі бірдей тұрғыны Сапар Ашетаев пен Айбек Канжекенов атып өлтірілді. Ауыр қылмысқа қатысы бар алты айыпталушыға «кісі өлтіру» және «қылмысты жасыру» баптары бойынша іс қозғалып, құқық қорғау органы 4 айдан астам уақыт тергеу амалдарын жүргізді. Қылмыстың орын алуына түрткі болған негізгі ұйымдастырушылардың бірі Ернар Сахариев бұрын қаржы полициясында қызмет еткен. Ал сол қаралы түнде оның жанында болған ағайындасы Талант Мұсабаев осы қылмыс орын алғанға дейін ШҚО Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасында еңбек етіпті. Бұдан басқа, Сахариевтің төрт бірдей туысқаны мен достарының бұл іске қатысы бар екендігі анықталды.
Процессуалды прокурор Бауыржан Қадырмолдановтың сотта ұсынған мәліметіне сүйенсек, қылмыстың орын алуына сотталушы Сахариев пен Ашетаевтың арасындағы екеуара кикілжіңі себеп болған.
Өзегін өртеген өшпенділік
Ернар Сахариев пен Сапар Ашетаев бір-бірін бұрыннан танитын. Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2014 жылдың тамыз айында екеуінің арасында жанжал шығады. Сол кезде кеудесін ашу кернеген Ашетаев Сахариевке пышақ сұғып жаралайды. Ал Айбек Канжекенов бұл оқиғаның куәгері болған көрінеді. Процессуалды прокурордың айтуынша, зардап шегуші алған жарақатының салдарынан сегіз күн аурухана төсегіне таңылған. Осының салдарынан оған орта деңгейдегі дене жарақаты келтіріліпті. Сахариевтің адвокаты қорғауындағы азаматтың осы жағдайды полиция қызметкерлеріне хабарламай, дәрігерлерге «өткір затқа құлап түстім» дегенін жеткізді.
Бұл оқиғадан кейін Ернар Сахариев Астана қаласына көшіп кетіп, Жоғарғы соттың қауіпсіздік қызметіне жұмысқа орналасады. Алайда арада қанша уақыт өтсе де, ер ол жігіт Сапар мен Айбекті тісқаққан, сыралғы дұшпанындай көріп, оларға деген өшпенділігін жадында сақтаған. Сонымен қатар, адвокаттардың пікірінше, жабулы қазан күйінде қалған бұл істің қайта өршуіне Ашетаевтың өз достары мен таныстарына «Ернардың басына дәрет сындырып тастадым» деп қауесет таратқандығы себепші болуы әбден мүмкін.
– Осылайша, 29 наурыз күні 28 жастағы Ернар Сахариев өзінің жекеменшік автокөлігімен Астанадан Өскеменге қарай жол тартады, – дейді процессуалды прокурор Бауыржан Қадырмолданов. – Сондай-ақ, ол өзімен бірге аң аулауға арналған атыс қаруын да бірге ала шығады. Ертесінде Сахариев ШҚО ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының қызметкері болған Талант Мұсабаевпен кездескен. Екеуара сөз байласқан жігіттер Айбек Канжекеновке хабарласып, Жібек маталар комбинаты (КШТ) ықшам ауданында кездесуге шақырады. Жоспарланған кездесу кезінде Сахариев Айбек Канжекеновқа «Сапар екеуіңді құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткі заттарын сақтағандарың үшін қамауға алмақшы» дейді. Сол кезде орда бұзар 30-ға келген Талант Мұсабаев тәртіп қызметшісі бола тұра, туысының жалған сөзін жоққа шығармай, үнсіздік танытады.
Тұзаққа түскен
Сахариевпен болған әңгіменің мән-жайын Айбек Канжекенов Сапар Ашетаевқа айтып береді. Туындаған мәселені шешкісі келген Ашетаев кейбір жайттарды ақылдасу үшін Сахариевпен кездеспек болады. Осылайша, келісілген күні, яғни 31 наурызда қас қарайып,алакеуім тартқан мезетте 4 азамат бір уақытта межелеген жерде бас қосқан.
– Ернар Сахариев қасындағыларға «марихуана шегейік» және «ешқандай куәгерлерсіз сөйлесейік» деп ұсыныс жасайды, – дейді Бауыржан Қадырмолданов. – Сөйтіп, ол өзінің «Mersedes-Benz» маркалы автокөлігіне Мұсабаевпен қатар, Ашетаев пен Канжекеновты салып алып, қала іргесіндегі Шешек асуына қарай жол тартады. Зерттеу нәтижелерінде анықталғандай, діттеген жерге жеткеннен кейін Мұсабаев көліктен түсіп, қасындағылардан біраз алысқа кетіп қалған. Осы сәтте, Сахариев жүксалғыштан өз атына тіркелген мылтықты алып шығып, Сапар Ашетаевтың кеуде тұсына оқ атады. Ал екінші оқпен ол Айбек Канжекеновты жаралаған. Сол уақытта санасын үрей билеген Канжекенов оқиға орнынан қашып құтылмақ болады. Бірақ мылтықты қайта оқтаған Сахариев оны қуып жетіп, тағы бір мәрте оқ атқан. Мұнымен қоймай, айыпталушы екеуін де дәл бастан көздеп атып, бастаған ісін аяғына дейін жеткізген соң, мәйіттерді жол жиегіне шығарып тастайды.
Прокурордың айтуынша, дәл осы сәтте Мұсабаев оған еш кедергі жасамаған.
Қылмысқа қосылған төртеу
Қылмыс орын алғаннан кейін ағайынды екі жігіт қайта ЖМК-ға бет алады. Олар өздерінің туыстары Дидар Бадигуловпен сөйлесіп, кісі өлімі жайлы айтып береді. Сахариев көлігін Бадигуловтың гаражына қойып, қаруын тазалап, үстіндегі киімін ауыстырып алады. Осыдан кейін Ернар Дидардан дүкенге барып, спирттік ішімдік алып келуін өтінген. Ащы судан ұрттап алғаннан кейін Сахариев Асхат Сейтзаданов есімді туысқанына хабарласып, сол жерге келуін сұрайды. Араға көп уақыт салмай өз автокөлігімен келіп жеткен оған Сахариев қылмыс жайлы бар мән-жайды бүге-шүгесіне дейін баяндаған.
– Ернар Сахариев Сейтзаданов пен Бадигуловтан мәйітті жасыруға көмектесулерін сұрайды, – дейді процессуалды прокурор. – Олар өз келісімдерін берген соң, жігіттер екі көлікті де тізгіндеп, қылмыс болған жерге келеді.
Шешек асуына жеткеннен кейін Сахариев марқұмдардың қалталарын ақтарып, ұялы телефон мен көліктің кілтін, банк картасын және жеке куәліктерін алып алған. Мәйіттерді тінтіп біткен соң Сахариев пен оның туысқандары өлі денелерді «Mersedes-Benz» автокөлігінің багажына тиейді. Содан соң Сахариев марқұмдарға тиесілі автокөлік кілті мен ұялы телефонды Ертіс өзеніне лақтырып жіберген.
– Кейіннен Бадигулов пен Мұсабаев үйлеріне тарап кетіп, Сахариев пен Сейтзаданов екі автокөлікпен Ұлан ауданына қарасты Ново-Одесское ауылында тұратын туыстарына қарай жол тартады. Мәйіттер салынған автокөлікті олар сол туыстарының гаражына қалдырып кетеді. Айыпталушылардың туыстары бұл көлікте не жатқандығынан мүлде бейхабар болған. Ернар мен Талант Асхат Сейтзадановтың көлігімен кері қайтады. Өскемен қаласына табан тірегенде Сахариев «ҚазМұнайГаз» жанармай құю станциясының жанында Дидардың ағасы Мейір Бадигуловтың көлігіне отырады. Ернар Мейірге өзінің адам өлтіргенін айтып береді де, Ново-Одесское ауылының тұрғыны Азамат Смаковқа хабарласады. Сахариев олардан мүрделерді жерлеуге көмектесулерін сұраған, – дейді Бауыржан Қадырмолданов.
Мәйіттерді шұңқырға жерлеген
Прокурордың айтуынша, жігіттер Смаковтың үйінің жанындағы дәретхана тұрғызуға арналып қазылған шұңқырға марқұмдарды жерлемек болады. Мәйіттерді шұңқырға түсіргеннен кейін, Сахариев Азамат пен Мейірге «шұңқырды көме беріңдер» деп, өзі Сапар Ашетаев пен Айбек Канжекеновтың киімдері мен құжаттарын өртей бастайды. Осыдан кейін, барлық «шаруаларды» реттеп кеттім деген Сахариев атбасын Елордаға бұрған. Астана қаласында ол өзінің шетелдік көлігін өртеп жібереді.
Сот барысында процессуалды прокурор Сахариевті «адам өлтіру» және «құжаттарды жойып жіберу» қылмыстарын жасағаны үшін 20 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мұсабаевқа қылмысқа қатысқаны және полиция қызметкері бола тұра, адам өлтіруге кедергі жасамағаны үшін 19 жылға темір торға қамауға ұсынды. Қалған айыпталушылардың әрқайсысына қылмысты жасыруға жәрдемдескендері үшін 4 жыл мерзімге қамауға алуды сұрады.
Жесір мен жетім қалды
Сотқа қатысқан марқұмдардың аналары мен жұбайлары жанарға келген жасты ұстай алмай, сотталушыларды қарғыстың астына алды. Канжекеновтың артында үш баласы, ал Ашетаевтың артында екі бірдей перзенті қалып отыр.
– Жұбайым Сахариев пен оның шабармандарын достарындай көрді. Ал сол достары оған сұр жыландай уын шашып, еш аяусыз шағатынын кім білген! Енді құйтақандай екі сәбиімнің есінде әкелерінің бейнесі қалар-қалмасы да белгісіз… Олар әлі күнге дейін таңертең ұйқыдан тұра салып үстелде тұрған жолдасымның жансыз бейнесіне жетіп барып, «папа-папа» деп саусақтарымен көрсетіп, суреттегі әкесін бетінен сүйеді. Ал жаңа туған кішкентайымыз асқар таудай әкесінің құшағында 10-ақ күн болды. Ертең балаларым «Әкеміз қайда?» деп сұраса, не деп жауап бермекпін? Жоғары лауазымда отырған айуан атып тастап, мәйітін қорлап кетті деймін бе?! – деген Айбектің жұбайы ботадай боздады.
– Ұлым спортшы болған еді. «Восток» футбол клубында ойнаған. Дос-жарандарының алдында сыйлы, туған-туысқандарына көмек қолын созуға әрдайым әзір тұратын. 18-ге тола салып өз маңдай терімен жұмыс істеп, ақша тапты. Біздің тірегіміз, мақтанышымыз да сол еді. Осындай бейбіт күнде баламның құқыққорғау органдарында қызмет еткен Сахариев пен Мұсабаевтың қанды қолынан көз жұмады деп ешкім де ойламады… Жүректі сыздатқан мұң-зарымызды, қайғыдан қан жұтып шерменде болған жағдайымызды кім түсінер! Осыдан кейін қарапайым халық полиция қызметкерлеріне қалай сенбек?! Бұл жауыздарды ешқашан кешірмейміз! – деп Сапардың анасы көз жасын көл етті.
«Қорқып кеттім!»
Айыпталушылардың адвокаттары өз қорғалушыларына тағылған айыптармен келіспейтіндіктерін алға тартты. Сахариевтің адвокаты оның Ашетаев пен Канжекеновті өлтірмек ойы болмағандығын, оларды тек аяқтан атып жаралағысы келгендігін, бірақ сол кезде бірінші атылған оқтан кейін есін жоғалтып алғандығын мәлімдеді.
Ал Мұсабаевтың қорғаушысы экс-полицейдің өз туысы Сахариевтің адам өлтіру ойынан мүлде хабарсыз болғанын айтып, оны жазадан босатуды сұрады.
– Қанды оқиға орын алғанда мен сол жерде болған жоқпын, – дейді Талант Мұсабаев. – Шешек асуына келгенде әжетханаға барғым келіп, көліктен түсіп қалдым. Ал мылтықтың дауысын естіген кезде қатты қорқып кеткендіктен, қашып кеттім. Ернардың осындай бассыздыққа баратындығы үш ұйықтасам да түсіме кірмеген…
****
Шығыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс 10 қазан күні өз мәресіне жетті. Сот шешімі бойынша Ернар Сахариев 20 жылға, Талант Мұсабаев 15 жыл, 1 айға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмысты жасыруға көмектескен Сахариевтің туысқандары мен достары 8 айдан 1 жарым жылға дейін темір торға тоғытылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ