Шетелдік ЖОО-да оқығандар мемлекеттік қызметке жаңа тәртіппен қабылдануы мүмкін

478
көрілім

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов баяндама жасады. Тек қана өткен жылдың ішінде мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқандар саны 53 мың адамнан асып, 24 мыңнан астамы тестілеуден өткен. Қызметтегі ауыспалық екі есеге азайып, негізінен, бірінші басшылар ауысқанда, басқа мемлекеттік органдардан ауыстыру ретімен келетіндердің саны 18 есе қысқарған. Былтырдың өзінде 6 мыңнан астам төмен қызметтерден жоғары лауазымдарға мансаптық үлгімен көтерілген.

«Азаматтардың сынақ мерзімін анықтау мен арнайы тексеруден өткізу шараларын конкурстан өтіп, жұмысқа кірген күннен бастап қатар бастауды ұсынып отырмыз. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен емес жұмыстан босағандарға жұмыстан шығарғаннан кейін тестен өтпей, 30 күн ішінде мемлекеттік қызмет конкурстарына қайтадан қатысуға мүмкіндік беру жағы ескерілген. Сонымен қатар, бұрын мемлекеттік қызметте істеген, кейін қайтадан жұмысқа келген азаматтарға сынақ мерзімін қоймау жеңілдіктері көзделген. Орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілеріне олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері өткізетін ішкі конкурстарға қатысу құқығын беру ұсынылады», - деді Бектұрғанов заң жобасын таныстыру барысында.

Депутаттың атап өтуінше, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламасы бойынша оқыған, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар тұлғаларға мемлекеттік қызметке конкурстан тыс кіру мүмкіндігін жасау ұсынысы қамтылған.