Қазгидромет РМК-ның болжамы бойынша шілде айында синоптикалық жағдай жиі өзгереді. Батыс антициклондарының енуі оңтүстік циклондардың шығуымен ауыстырылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Айдың басында солтүстік өңірлерге Скандинавия аудандарынан циклон ығысады, онымен бірге дауылды жел соғады, жаңбыр, кей жерде қатты жаңбыр болжанады, сондай-ақ бұршақ, найзағай және дауыл түріндегі конвективті құбылыстар күтіледі.
Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында ауа температурасы күндіз +17+26ºС-қа дейін төмендеуі болжанады.
Оңтүстікте қатты ыстықтан кейін ауа температурасы +25+33ºС-қа дейін төмендеуімен қатар нөсер жаңбыр жауады. Бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды.
Екінші және үшінші онкүндіктерде сынап бағаналары солтүстік, орталық пен шығыста түнде +10+15ºС-тан +15+20ºС-қа дейін, күндіз +25+30ºС-тан +30+38-қа дейін ауытқиды; республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батысында түнде +15+20ºС-тан+20+30ºС-қа дейін, күндіз +30+38ºС-тан +35+45ºС-қа дейін ауытқиды.