Күні кеше мемлекеттік комиссия ел көлемінде 14 күнге шектеу шараларын қатаңдату туралы Қаулы жариялаған болатын. Шығыс Қазақстан аумағында шілде айының 5-нен бастап шектеулер өз күшіне енбек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір айта кетерлігі, Өскемен мен Семей қалаларында блок-бекеттер қойылмай, қалалар мен аудандар арасындағы көлік қозғалысы жалғаса береді. Бұған қоса құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау мен шектеу шараларын қадағалауды күшейтпек.
Еліміздің өзге өңірлеріндегідей, аймағымызда да халық көп жиналатын қоғамдық орындар өз жұмысын тоқтатты. Айталық, сауда орталықтары, сән салондары, фитнес-клубтар мен бассейндер, сауықтыру, мектепге дейін мекемелер, діни және мәдени нысандар және тағы басқалары. Қала ішінде немесе жағалау бойымен серуендеу жағына келсек, жұмыс күндері бір мезетте үш адамға дейін шығып, бойжазып қайта алады. Тұрғындардың топтасуына жол бермес үшін демалыс күндері шығуға тыйым салынады.
Өскемендіктердің жаяу немесе жеке көліктерімен қозғалысы рұқсатнамаларының тақ немесе жұп сандарғына қарай іске асырылмақ. Жеке көлік қозғалысына түнгі сағат 22:00 мен таңғы сағат 5:00 аралығында тыйым салынса, демалыс күндері мүлде тоқтатылады. Оған қоса демалыс күндері автобустар жүрмейді. Ал жұмысын жалғастырамын деген мекемелер болса, қызметкерлерін алып кету мүмкіндіктерін қарастырулары міндетті. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, азық-түлік дүкендері, стамотологиялар мен медициналық орталықтар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану орындары өз жұмысын жалғастыра бермек.
– Құрылыс, жол жөндеу және ауыл шаруашылық саласындағылар жұмыстар жалғастырмақ. ХҚКО, «Қазпочта» АҚ филиалы және банктер ерекше бекітілген кестелер бойынша жұмыс істейді. Демалыс орындарына баруға рұқсат, ал саяжайға барамын деушілер тиісті құжаттарын көрсетсе болды, – дейді өңір басшысы.