Бахтияр Келемединов ауылдың қарапайым қазағы. Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасайтын шебер қайратын әдісімен ұштастыра отырып, еңбектің ептілікті сүйетінін ісімен дәлелдеп шыққан. Өнертапқыш ауыл адамдары «қыт-қыт» атайтын қытайдың қызыл тракторына кеңес заманының кетеуі кетпес техникаларының саймандарын жалғап, бірегей ауыл шаруашылығы техникасын құрастырып шығарыпты. Сырт көзге «қыт-қыттан қырып бара жатқан өзгеріс байқамадым» деуіңіз мүмкін. Бірақ, мына бір трактор емес, туындыға үңіліп көрсеңіз, таңдай қағып тамсанудан басқа шараңыз қалмайды.
Әңгімесін «күш жақсы, күштен іс жақсы» деп бастаған өнертапқыш қажеттілік туындағаннан кейін тракторды қайта жасақтау, қуаттау ойын жүзеге асырмақ болған. Алайда алғашқы жылдары құрама техника сынақтан өтпей, қайта-қайта сына беріпті. Тек өткен жылы ғана толайым еңбек жемісін беріп, Бахтияр бір күнде жаңа техникамен 13 тіркеме шөп тасып үлгерген.
– Содан шөп шабу науқанына ауылдағы адамдардың тапшылығына байланысты тракторға стогомет орнатып алу ойыма келді. Бұл техниканың алдыңғы білігі (мост) «уазикке» тиесілі, өйткені стогомет алда болғаннан кейін және шөпті көтерген уақытта алдыңғы білікке жарты тонналық салмақ түсетіндіктен, трактордың осі шыдамай, қақ бөлінеді. Білікті ұстап тұрған алдыңғы қос дөңгелек те «уазиктен» алынды, – дейді Бахтияр.
Шамасы аз болғаннан кейін трактордың өзімен бірге келген рөлдік колонкасы да ауыстырылған. Қазір ГАЗ-53 көлігінің рөлдік колонкасы мінсіз жұмыс атқарып тұр. Алдыңғы білікпен қатар трактордың артқы білігін де өзгертуге тура келіпті. Бірнеше мәрте шөп тиеу кезінде артқы білік ортасынан қақ бөлініп, техника істен шығып қалған. Бұған жасымаған Бахтияр амалын тауып, артқы қос дөңгелекті жарты-жарты метрден сыртқа қарай ұзартып, ГАЗ-52 көлігінің толымды шлогын қиып, ретін келтіріп, дәнекерлеп орнатыпты. Трактор бұл өзгерістерден кейін еш бұзылмай жұмыс атқарып кеткен. Артқы білікке жалғанған дөңгелектер де ГАЗ-52-ге тиесілі. Биылғы жылғы бірнеше реттік сынақтан кейін артқы білік сынуын қойған.
– Артқы білікке қосымша тіреуіштерді дәнекерлеп, салмақ түскенде майысып кетпеу үшін қуаттап қойдым. Насос пен май таратқыш стогометті көтеріп-түсіру үшін қойылады ғой. Насос белбеуше тартылған кезде қысым түсірмеу үшін шлиз арқылы жалғанып тұр, – деп жалғастырды сөзін Бахтияр. – Сол үшін мына жерден қос подшипник қойдым. Ал мынау ЗиЛ көлігінің май таратқышы. Тракторға сыйымдылығы 15 литрлік бөшке жалғанды. Жүйеге (система) май жеткілікті мөлшерде жету үшін бөшкені де көлемді етіп алдым.
Стогомет шөпті төрт жарым метр биіктікке дейін көтереді. Мая-мая шөпті қапсыра құшақтап лақтырып, тездете іс тындырғанда көрген адамның көзін тойдырады екен. Трактордың артына шөпті итеретін волокуша жалғанған. Стогометпен шөп тиеген кезде тепе-теңдіктің сақталуы үшін волокошқа ауыр тастар артылады. Техниканың құрылғысына қысым түспеу үшін Бақтияр трактордың бүйіріне қосымша мотор орнатып қойған.
– Бұл тракторыммен тауда да, қырда да шөп тиедім. Бәріне де жарап тұр. Ең қолайлысы, үлкен тракторларға қарағанда дизель отынын аз жейді. Күніне 10 рейс шөп әкелуге қауқары оп-оңай жетіп тұр. Он дегенімді жай айтқаным болмаса, биылғы жылы бір күнде 13 тіркемеге шөп тиеген кездерім де болды. Ұзаса, күніне жұмыс істеп тұрғанда 15 литр, әйтпесе 10 литр дизель отынын жұмсайды. Екіншіден, бұл трактордың қозғалысы жылдам. Ескі тракторлармен сағат асып шабындық басына әрең жетсеңіз, бұл шағын трактормен әп-сәтте шаппаға жетіп барасыз. Өте қолайлы. Биылғы жазда жүзге жуық тіркеме шөп тасыдым. Зайсанның екі шаруа қожалығына шөп тиеп бердім. Бұл техниканы бәрі мойындап болған.
– Мақсатым – осы техникаға құжат, екіншіден, мүмкіндік болса құжатын даярлап, авторлық құқық алғым келеді. Макетін түгел жасап қойғанмын, – дейді Бахтияр Келемединов.
Аян ӨРІБАЕВ