Облыстағы іргелі оқу орындарының бірі жыл сайынғы халықаралық Green Metric Ranking of World Universities рейтингісіне қатысып, республика бойынша 16 жоғарғы оқу орны арасында топ жарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстандық ЖОО өткен жылы 780 қатысушының арасында 216 орынға (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), биыл 912 қатысушының ішінде 152 орынға (Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ) жоғарылады.
Жалпы Green Metric Ranking of World Universities – тұрақты даму бойынша университеттердің бейілділігін анықтайтын жалғыз рейтинг. Онда Smart Campus технологиясын енгізу, жасыл құрылыс, энергия тұтыну, қоршаған ортаға ықпал ету, қағаз бен пластикті аз мөлшерде қолдану, экология бойынша оқу курсы, зерттеу жобалары және басқа да критерийлер есеп алынады.
Өткен жылы университетіміз «Жасыл кеңсе» республикалық байқауында 62 мекеменің ішінде жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінген-тұғын. Әлбетте, мұның барлығы кездейсоқ жеңіс емес, жүйелі жұмыс нәтижесі. 2017 жылдан бастап тұрақты даму бойынша университет стратегиясы аясында салалардың барлық түрін қамтыған «ШҚМТУ – Жасыл университет» жобасы іске қосылды. Білім ошағының корпустарында қоқыс өңдеу жүйесі іске қосылып, университет аумағында ауланы көгалдандыру жұмыстары атқарылып, Smart Campus жобасы қолға алынуда.
Бір айта кетерлігі, ШҚМТУ – қызметкерлер мен білім алушыларға сапалы әрі жан-жақты жағдай жасап, көгалдандыру бойынша түрлі технологияларды белсенді түрде қолданып келеді.
Биыл Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ жоғарыда аталған Green Metric Ranking of World Universities халықаралық экологиялық рейтингіге қатысты. Аталған анкета университеттің тұрақты даму бойынша жүргізілген жұмыстарын қамтып, соған қатысты түрлі сауалдарға жауап іздейді. Айталық, су және энергиямен қамту, инфрақұрылым, жасыл құрылыс, қоқыс қалдықтарын бөлшектеп жинау, зерттеу сұрақтары, білім саласы және басқалары. Университеттің сапалы жұмыс жүргізіп келе жатқанын индонезиялық әріптестер жоғары бағалағанын айта кеткен орынды. Қуаныштысы сол, білім ордасы биыл қатысқан шарада әлем бойынша 912 университет ішінен 152-ші орынға тұрақтады. Жалпы ел көлемінде аталған рейтингіге 16 ЖОО қатысып, солардың арасынан ШҚМТУ оқ бойы озық шықты.