Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында балық өсіру көлемін арттыру жайлы сөз қозғалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжанов балық шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай жыл сайын 9774 тонна тауарлы балық, оның ішінде 8578 тонна ақсерке, 1151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре балық түрлерін алу жоспарланғанын хабарлады.
- Балық өсіру көлемін арттыруға жұмыс істеп тұрған 24 шаруашылық және жаңа 6 шаруашылық құру есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр, - деді Талғат Рахымжанов. - 2022 жылы 1297 тонна балық өсірілсе, қазір бұл көрсеткіш 1600 тоннаға жетіп отыр.
Сонымен қатар, жыл басынан бері күзет іс-шараларын өткізу барысында 970 хаттама жасалып, 3 қылмыстық іс қозғалды, заң бұзушылардан 504 балық аулау құралы, көлік және жүзу құралдары, 693 иесіз немесе заңсыз орнатылған аулар тәркіленді.
- «Таза су айдындары» балық қорғау акциясы барысында су қоймаларынан 420-дан астам ау алынып, 60 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Акцияға 523 адам және 155 техника жұмылдырылды, - деп толықтырды спикер.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, ШҚО аумағында 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның ішінде 1 кәсіпорын Еуропалық одақтың талаптарына сәйкес келеді және ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды.
- Сонымен қатар биыл 13,1 млн-нан астам шабақ қатып қалу қаупі бар. Зайсан-Ертіс бассейнінің балық шаруашылығы учаскелерінде жыл сайын балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау бойынша іс-шаралар өткізіледі. Балықтың қатып қалуына жол бермеу үшін 7 мыңнан астам тесік бұрғыланды. Бұл жұмысқа 24 бірлік техника және 73 адам жұмылдырылды, - дейді Талғат Рахымжанов.