ШҚО - да табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтықтарын алды

584
көрілім

Қазақстанда табысы аз отбасыларының балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама (КБӘТ) беру жалғасуда. Республиканың 11 өңірінің 85 ауданында алушыларға азық-түлік жиынтығы берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпарат қа сілтеме жасап.

«Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Алматы және Павлодар қалалары бар. Алушылардың жалпы саны 9,6 мың отбасындағы 17,6 мың баланы құрады. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 64 мың баланы қамту жоспарлануда», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында АӘК тағайындау тетігін оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтасын қамтамасыз ету мақсатында түзетуге тапсырма берген болатын. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кешенді түрде жүзеге асырылуда. Оған көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған КБӘТ азық-түлік жиынтығын және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығын қамтиды. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындарын өтейтін болады.

Азық-түлік жиынтығы балалардың жас санатына байланысты өз құрамы бойынша ерекшеленеді: 1 жастан 3 жасқа дейін және 3 жастан 6 жасқа дейін, бірақ әлеуметтік топтаманың құрамы өңірге қарамастан бірдей. Жиын құрамы физиологиялық ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық құндылығының арақатынасын және жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары негізінде құрылған. Өнімдер дәруменге бай, бұл өсіп келе жатқан ағзадағы дәрумендердің жетіспеушілігін өтеуге мүмкіндік береді.

1-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған жиынтық сүт, печенье, ботқа, үлпек және балалар пюресін қамтиды. 3 жастан 6 жасқа дейінгілерге арналған азық-түлік жиынтығы сүттен, макароннан, сұлы үлпектерінен, күнбағыс майынан, гематогеннен, таңғы асқа арналған сүт жастықтарынан, балалар печеньесінен, арпа, қарақұмық жармасынан, бұршақ пен балдан тұрады.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия тауарларының жиынтығына тіс пастасы, щетка, крем-сабын, сабын, сусабын, ұнтақ және крем кіреді. Табысы аз отбасының әрбір баласына осы жиынтық тоқсан сайын берілетін болады.