ШҚО Абай ауданында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай іске асырылуда?

474
көрілім

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен өткізілген «Antikor.Live» жобасы аясындағы тікелей эфирге Абай ауданының әкімі Нуржан Абдыкаримов қатысып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, әкімдікпен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Аталған тұжырымдамаға сәйкес, ашықтықты, қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың желтоқсан айында Абай ауданы әкімдігі «open space» форматында жұмыс істей бастады, «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылды.

Сервистік әкімдікте тіркеу орны, мемлекеттік қызметтерді бір жерден көрсететін, кеңестер беретін арнайы орындар, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, күту орны, балалар ойын алаңы, Брайл шрифтімен «Ашық әкімдік» фронт-офисі жайлы ақпарат орналастырылған. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен хаттарына (оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар) арналған сенім жәшігі, заман талабына сай QR-kod орнатылған мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттері, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау және өтініштерін қарау жөнінде ақпараттар орналастырылған арнайы стендтер орналастырылған.

Сондай-ақ Құндызды ауылдық округінде де электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді алуға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен кеңестер беру орны қамтылған фронт-офис жабдықталды.

Азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүргізуге арналған аудан әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың басынан 44 жеке тұлға онлайн қабылданып, 229 өтініш түсті. Өтініштердің басым көпшілігі еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер мәселелерін қамтиды.

Халықпен жақын араласып, олардың түйткілді мәселелерін шешуге барынша атсалысу бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан, билғы жылы Саржал (6 млн 926 мың) ауылында шілде айында, Көкбай (10 млн 285 мың) ауылында тамыз айында «Ашық әкімдік» фронт-офисін ашу жоспарлануда.

Жыл басынан 8103 мемлекеттік қызметтер, оның ішінде электрондық форматта 7722 мемлекеттік қызметтер, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы 6008 мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

2021 жылдың 6 айында 365,1 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 16 нысан бойынша конкурс жарияланып, 14 конкурс бойынша жеңімпаздар мердігерлер анықталып, қалған 2 конкурс бойынша өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Өткізілген конкурстар бойынша 17,7 млн теңге қаржы үнемделді.

Ауданымызда жалпы жолдар жүйесінің ұзындығы – 413 км. «Сапалы жол» жобасы аясында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында және көшелерінде жүргізілетін жұмыстардың сапасын қадағалау мақсатында "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп жұмыстар атқаруға аудандық бюджеттен 1,7 млн теңге қарастырылды. Жөнделген жолдардың сапасы тексеріліп, сараптама жұмыстары жүргізілетін болады.

9 ауылдық округ әкімі аппараттары мен 8 дербес бөлімдерге ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.

«Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде ауданның мемлекеттік мекемелері ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бюджеттері бойынша ақпараттар жарияланды. Бүгінгі күні 25 бюджеттік жобалар енгізілді. 8 мемлекеттік органның (дербес бөлімдер) бюджеті жарияланды.

Сондай-ақ «Ашық бюджет» порталына 59 бюджеттік бағдарламалар орналастырылды. 19 мемлекеттік органның (аудан әкімі аппараты, аудандық мәслихат аппараты, ауылдық округ әкімерінің аппараттары, дербес бөлімдер) бюджеті жарияланды. Жалпы сомасы - 5 млрд 40 млн 136 мың теңге.