Аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде өңір ішінде билік өкілдеріне деген тұрғындар сенімін тудыру мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz айтының тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы өткен жылдың желтоқсан айында бекітілген. Ұйымдық құрылым жобасының авторы – аймақ басшысы Даниал Ахметов. Жоба жұмысының құрамына аймақтық басшылық, қоғамдық қабылдау, арнайы мониторгингтік және ақпараттық топ сынды қызметтер кіреді. Маңыздысы сол, осы жобаны жүзеге асырудың маңызды аспекті саналатын фронт-кеңсе де таяуда ашылмақ.
– «Шығыс – адалдық алаңы» фронт-кеңсесі осының алдында Өскемендегі екі ЖОО-нда ашылып, жыл көлемінде бірқатар жұмыстар атқарып үлгерді. Алдағы уақытта тағы екі білім ордасында ашылмақ. Енді аталмыш кеңсені аудандарда ашуға ниеттіміз. Жалпы, жабдықтандыру мәселесінің шешімін тапсақ, желтоқсанның 15-не дейін бірнеше ауданда фронт-кеңселер ашылмақ, – деді жауапты тұлға.
Егер тұрғындар сауалы туындап жатса, облыс әкімдігіндегі мамандарға хабарласу арқылы қашықтықтан ақпараттар алуларына болады. Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, аталған фронт-кеңселер ашудың басты мақсаты – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті ақпараттарды барынша қолжетімді ету.
Әділхан ЕСІМХАНОВ