Аймақта сирек кездесетін ауруға шалдыққан тұрғындарға вакцина мен дәрі-дәрмек сатып алу құнының өзі 1,6 млрд теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Алты айда облыс бойынша 85 510 адам скринингтік тексеруден өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатерлі ісік бойынша скринингтік тексеруден аймақ жұрты белсенді өтіп жатқанын айтты. Басқарманың мәлімдеуінше, жылдық жоспардың 65,7 пайызы орындалған. Көрсеткіштің өсуіне көпсалалы онкологиялық орталықта тұрақты түрде өткізілген ашық есік күндерінің пайдасы тиді. Қазіргі уақытта скринингтік диагнозы бар 2798 адам анықталып, оның 1951-і бақылауға алынды.
– Биыл облыстағы 19 денсаулық сақтау ұйымын 3 218 546 000 теңгеге материалдық-техникалық жабдықпен қамту жоспарлануда. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы медициналық мекемелерге 134 медициналық құрал-жабдық сатып алынады. Жоспар іс жүзінде толық орындалмақ, – деді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова.
Облыста медицина мамандарына кадр тапшылығы әлі де жоғары. Жалпы, облыста 153 бос орын болса, Өскеменде – 49 маман, Алтай өңірінде – 44 дәрігер жетіспейді.
– Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін өңірдегі медициналық ұйымдардың басшылары қала және аудан әкімдерінің орынбасарларымен бірлесіп, наурыз айында Семей медицина университетінің түлектерімен онлайн кездесу өткізіп, бос орындар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Нәтижесінде қыркүйек айында университет 50 түлекті облыстағы медициналық ұйымдарға жұмысқа орналастырмақ. Бұл өңірдегі медицина кадрларының тапшылығын үш есеге азайтады, – деді басқарма өкілдері.