Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне бұған дейін ветеринария басқармасының басшысы болған Асқар Шәкенұлы Жақыпбаевты тағайындалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Асқар Жақыпбаев 1963 жылы 22 қазанда Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 1986 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, 2005 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Аягөз ауданының Мыңбұлақ совхозында құрылыс саласының жұмысшысы ретінде бастаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң ауылға мал дәрігері болып оралады. Сонымен қатар ол совхоздың бас мал дәрігері, Аягөз ауданының бас мал дәрігерінің орынбасары, бұрынғы Семей облысы ауыл шаруашылығы департаментінің бас маманы қызметтерін атқарды. Одан кейінгі жылдары «Шығыс Қазақстан облысы мал дәрігерлік зертханасы» РМК басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасында бас мемлекеттік мал дәрігерлік инспектор болып істеді.
2002 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ал 2006 жылдан Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешені Мемлекеттік инспекция Комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары, кейін АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция Комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2011 жылдың қыркүйек айынан 2016 жылдың қарашасына дейін АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция Комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясын басқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық ветеринария басқармасының басшысы болып еңбек етті.