ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар шегіртке бойынша болжам жасады

492
көрілім
Шартты фотосурет

Мамандар жыл көлемінде егістікке шегірткелерден қауіп келе ме, жоқ па екендігі жөнінде мәлімет ұсынды. Әдетте тексеріс жұмыстары көктемгі-алқаптық жұмыстар кезінде шегіртке қаптаған аумақтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тексеріс әлі аяқталмады

Мұнымен «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы» мамандары айналысады. Әзірге бұған қатысты тиісті жұмыс аяқталмады. Яғни, азиялық шегіртке, итальян прусы және тағы басқа да түрлері бойынша жалғасып жатыр.

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың сөзінше, биыл аталған зиянкестерден келер қауіп жоқ. Бұдан бөлек, өңірде қаптай түсетін шегірткенің кей түрлерінің азая бастағандығын алға тартты. Мұның барлығы қолға алынған жүйелі жұмыстың жемісі дейді.

– Тазарту шаралары шегірткелерден келетін зияндылық мөлшері артқан аумақтарда жүргізіліп жатыр, – деді Рамиль Нығметжанұлы. – 2022 жылы 18,1 мың гектар жерді тазалау жоспарда бар. Оның ішінде,14,6 мыңы – топ шегірткелерге, 3,5 мың гектары жалпы шегірткелерге қарсы.

Зиянкестер азайып барады

Жалпы, осылармен қарсы күрес түрлі бүріккіш желдеткіштер мен әуе техникаларын қолдана отырып жүзеге асырылатын көрінеді.

Рамиль Сағандықов шегірткеден бөлек, өңір аумағында ауыл шаруашылығына зардабын тигізер басқа да зиянкестердің барын айтты. Айталық, сұр түсті астық көбелегі, Колорадо қоңызы, сарышұнақтар, тышқан тектес кеміргіштер, астық қоңызы, бақалшақ қандала, сондай-ақ қырыққабат күйесі.

– Бұлардың саны қауіптілік шегінен асып тұрған жоқ әрі егістік алқабына бәлендей қатер төндірмейді. Одан бөлек, аталған зиянкестердің көбеюі де күтілмейді, – деді мамандар.