Кеше ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өзбекстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаровпен жолығып, бірқатар жайттарды талқыға салды. Кездесу барысында аймақ басшысы өзбекстандық техникаларды ШҚО-да құрастыру мүмкіншілігін айтып өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
– Бізді Өзбекстанда құрастырылатын трактор мен комбайнның «John Deere» және «New Holland» фирмалары арқылы жасалатын соңғы модельдері қызықтырып отыр. Олар ыңғайлы, сапалы, әрі қолжетімді. Сондай-ақ, сіздердің жапониялық фирмамен бірлесіп құрастыратын шағын автобустар және жедел жәрдем көліктері де бізді қызықтырады. Ол техникаларды ШҚО-дағы «СемАз» кәсіпорынында жасауға болады, — деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімі ауыл шаруашылық техникасын құрастыру мүмкіндіктерін зерттеу үшін Хорезмнен арнайы өкілдерді шақырып отыр.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ