Зілтеміршілер кезекті мәрте Қызылордада бас қосты. Ауыр атлетикадан жеке-командалық ел чемпионаты мен ҚР Кубогі жолындағы бәсекеде республиканың әр өңірінен кіл мықтылар келіп, бір жетіге созылған сайыста жүлдегерлерді анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған дейінгі сайыстарда жерлестеріміз командалық есепте кемі төртінші, сәтін салса, үздік үштікті түйіндеп жүретін. Алайда бұл жолы қарсыластары өздеріне қамшы басты ма, әлде шығысқазақстандық ауыр атлеттер шабан дайындықпен барды ма, ерлер де, әйелдер де командалық сында тұғырдың төртінші сатысына жайғасты.
Денис Девяткин, Кирилл Кривицкий, Камиля Острикова сынды бапкерлер бастап барған зілтеміршілерімізден ерлер арасында 73 келіде Владимир Васильев (281 келі) пен 96 келіде Кирилл Омаралинов (270 келі) қола медальға қол созды. Сайыстың күміс медалі 102 келі салмақ дәрежесіндегі Ринат Қалиақберов (343 келі) пен 109 келіден жоғары салмақтағы Антон Еременкоға (316 келі) бұйырды. Бұрымдылар арасында 55 келіде Диана Абдуллаева (137 келі) мен 59 келі дәрежесіндегі Евгения Галямова (161 келі) жүлдегерлер үштігін түйіндеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ