Бұл үшін 610 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуырда Өскемендегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде аудан әкімі Дулат Қажанов жұмыстың не себепті тоқтап тұрғанын түсіндірді.
– Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Сарыжыра ауылдарына газ тарту үшін қаржы осы жылы бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының тоқтап тұруы мердігерлер арасындағы соттасуға байланысты. Мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде олқылық кеткен, – деді Дулат Зайсанбекұлы.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Шілікті ауылын газдандыру бойынша билік тарапынан әлі қаралып жатқанын алға тартты. Айта кетейік, «2020-2025 жылдарға ауылдарды дамыту бағдарламасы» аясында Зайсан қаласында Боқажанов көшесіндегі көпқабатты үйлердің қазандығын көмір емес, көгілдір отынға ауыстыру жоспарда бар. Бұл үшін 310 миллион теңге бөлініпті.
Басқа да инфрақұрылымдық жобалар бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.
– Биыл ұзындығы 12,9 шақырымға созылған Кеңсай, Бақасу, Жарсу, Көгедай, Үлкен Қаратал және Қаратал елдімекендеріндегі ауылішілік жолдар жөндеуден өтті. «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар тасжолын қайта жаңғырту жалғасын тауып, 2023 жыл біткенше жол төсемі бойынша жұмысты аяқтамақпыз, – деді Дулат Қажанов.