ШҚО билігі Өскемен жолдарын жөндеуге білек сыбана кірісті

579
көрілім
Фотосурет - Шығыс Ақпарат.

Өскеменде соңғы 20 жылда алғаш рет жолдарды қайта құру ісі қолға алынды. Қызу жұмыс жол жүру жолағын кеңейту, жүгіруге және велосипедке арналған жол жасау, асфальт төсенішін жаңартуға бағытталған. Облыс орталығында алдағы жылдары сондай-ақ, үш деңгейлі айналма жол жобасын бастау жоспарда тұр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс күнін Өскемендегі жол-жөндеу жұмыстарының барысын тексеруден бастады. Қайта құру ісі жүріп жатқан қаладағы барлық көшелерді аралады. Айта кету керек, бұл жобалар алдағы 15 жылда облыс орталығындағы көлік кептелесін оңтайлы шешуі тиіс. Бүгінде Сәтпаев даңғылында жұмыс барысы қарқынды. Мердігерлер 700 млн теңгені игеріп үлгерген. Жібек маталар комбинаты шағын ауданының басты жолын 6 жолақты ету жоспарланған еді, алайда аймақ басшысы жобалық-сметалық құжатқа толықтыру енгізуді тапсырды.

— Ортасын бөліп тұрған жолақты алып тастау керек. Осылайша жолды екі есеге үлкейте аламыз. ЖСҚ қысқы маусымда түзетулер енгізіңіздер. Ал қазір құрылыс-құрастыру жұмыстарын тоқтатпай, жалғастыру қажет. Келесі жылы 1 млрд. 800 млн. теңге бөлеміз. Айырық жолақ мәселесін қарастыруды жіті тапсырамын, — деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

— Қайта құрудағы басты мақсат, сіздер Астана көшесінде істемек болған асфальт жабындысын ауыстыру емес, жүру жолағын кеңейту, — деді Даниал Ахметов мердігерлерге қарата. – Тағы да Астана мен Протозанов көшелерінің жолағын барынша кеңейтуді тапсырамын. Олардың қатары төртеу болуы тиіс.

Өскемен әкімінің орынбасарына келер жылы байқауға еліміздегі басқа да жобалаушы ұйымдарын шақыру тапсырылды. Себебі, жергілікті компаниялар мерзімін кешіктіріп қана қоймай, тексеру кезінде облыс әкімі анықтағандай, жобада қателіктер жіберген.

Келесі нысанда ісіне жауапсыздық танытқан «ЭлитЭнергоСтрой» компаниясы өзгелерден ерекшеленді. Жөндеу жұмыстарына небәрі 4 техника жұмылдырылған. Серіктестік Лопатино аралынан Ертіс өзенінен өтетін көпірден Ахмер ауылына дейінгі аумақтағы міндетті мойнына алған еді. Тыңдырылған тынымды іс болмағандықтан, облыс әкімі қаражат аурухананың құрылысына аударуды тапсырды. Жобаның жалпы құны 1 млрд 128 млн теңге. Биылға бөлінген әрі толық игерілмеген сома 700 миллионнан аса теңгені құрайды.