Өскемен қаласында «Nur Otan» партиясының ШҚО филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырыс өтті. Жиында облыстың білім саласы бойынша жемқорлық фактілері мен оған қарсы шаралар жұмысы талқыланды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы екі жарым жылда елімізде білім саласында 433 жемқорлық құқықбұзушылық жағдайы тіркеліп, 250 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Осы аталған сандардың ішінде 325-і сотқа жіберіліп, 167 адам сотталған. Республикадағы жауапқа тартылғандар санымен қарастырсақ ең көбі Түркістан облысында (45) екен. Ал екінші орынға Шығыс Қазақстан (43) орныққан. Одан кейін Жамбыл (28), Қызылорда (18), Алматы (16), Атырау (16) облыстары. Бұл жағдай мемлекетке 716 млн.теңге мөлшерінде шығын келтіргенмен оның тек 350 млн.теңгесі (49%) қайтарылған.
- 2019 жыл басталғалы бері облыста 19 жемқорлық фактісі тіркеліп, 16-сы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Статистика көрсеткендей білім саласы пара беру мен алу кеңінен таралған негізгі ошақ болып тұр, - дейді ШҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ринат Набиев.
Жемқорлық фактілері кадр мәселесін шешуде, жалған аттестаттарды, сертификаттар мен дипломдарды беру кезінде байқалған. Сонымен қатар осы саладағы олқылық ЖОО-ның акредитация мен аттестациялардан өтуде, білімді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаржысын қалтаға басу жайттары бойынша анықталды.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ