Атырау қаласында өткен бокстан жастар арасындағы ел чемпионатында жерлестеріміз екі алтын, екі қола медаль иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шаршы алаң бәсекесіне республиканың әр өңірінен келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Медальдар жиынтығы 11 салмақ дәрежесінде сарапқа салынды. Былғары қолғап бәсекесінен шығысқазақстандық боксшылар да шет қалмады. Алдымен 56 келі салмақта семейлік Руслан Күзеубаев рингке беттеді.
Жартылай финалға дейін сенімді жұдырықтасып, ақтық сын жолдамасын сарапқа салған кездесуді Алматы облысының өкілі Ерасыл Таңқайға жол берді. Бұдан іле 60 келіде аймақ атынан сынға түскен Бауыржан Сатжанов жамбылдық Елнұр Сүйінбайдан айласын асыра алмады. Алайда 81 келіде өз мүмкіндігін байқаған Ерасыл Жақпеков жартылай финалда Алматы облысының намысын арқалаған Елнұр Меділханұлын айқын ұтса, 91 келідегі Ерхат Бекзат түркістандық спортшыға еш мүмкіндік қалдырмады. Бұдан кейін қос спортшы да ақтық сында алматылық боксшылардан басым түсіп, өз салмағының үздігі атанды. Мұндай жарқын жеңістің артында бапкерлік құрамның нәтижелі жұмысы тұрғанын айта кеткен орынды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ