ШҚО боксшылары Шоқыр Болтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнирінде төрт медаль иеленді

3201
көрілім

Аталған жарыста жерлестеріміз түрлі медальдар жиынтығына қол жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

XX ғасырдың басында қазақ жеріне бокс қолғабын әкеліп, осынау спорттың негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлы еді. Ресми мәліметтерде 40-шы жылдары тегін «ұлы» деп жаздырып, КСРО спорт шебері атанған алғашқы қазақ та осы Шоқыр Бөлтекұлы екендігі жазылған.

Еліміздің бокс тарихына есімін алтын әріппен жазған жанның құрметіне Маңғыстауда еске алу турнирі дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Бұл жолы да өз деңгейінде ұйымдастырлып, республиканың әр түкпірінен кіл мықтылар Ақтау қаласындағы «Маңғыстау-Аренаға» жиналды.

Дәл осы сайысқа шығысқазақстандық боксшылар да жол тартып, бар мүмкіндіктерін паш етті. Бапкерлер құрамаға бірқатар жастарды да тартқан екен. Барлығы бірдей жүлдеге ілікпесе де, өңірдегі бокс мектебінің тұралап қалмағандығын дәлелдей білді. Ағайынды Жақпековтер жасындай жарқылдап, екеуі де финалға іркілмей жетті. Жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ермахан Жақпеков ширек финалда алматылық Бекзат Боранбаевты, жартылай финалда атыраулық Абылайхан Бітімовті жолынан ығыстырды. Ал шешуші сында павлодарлық Қуан Қуатовтың осал тұсын тауып, 71 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Оның інісі Ерасыл Жақпеков 80 келіге дейінгі салмақта алтын медальді сарапқа салғанымен тартысты өткен текетіресте қарсыласына есе жіберді. Бұл салмақ дәрежесінде елордалық Нұрбек Оралбай тұғырдың ең биігінен көрінді.

60 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға көтерілген Бекнұр Ожанов та сенімді жұдырықтасып, ширек финал мен жартылай финалда қарсыластарынан бір бас жоғары екендіктерін аңғартты. Алайды шешуші жекпе-жекте өзінің сыралғы қарсыласы Саматәлі Төлтаевқа жол беріп, сайыстың күміс медаліне ие болды. Тағы бір жерлесіміз Дулат Молдашев жартылай финалда ринг қожайынынан айласын асыра алмай, 54 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.

Бір айта кетерлігі, Ерасыл Жақпеков "Жеңіске деген жігері үшін" аталымына ие болды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ