ШҚО бойынша ең арзан көмір қай ауданда?

334
көрілім

Облыста мекемелер мен тұрғын-үйлерді көмірмен қамтамасыз ету қолға алынуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесе отырып көмір жеткізу кестесін бекіттік, – дейді ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова. – Денсаулық сақтау нысандарына – 1617, Білім беру мекемелеріне – 1978, ал әлеуметтік қорғау нысандарына – 500 тонна көлемінде көмір жеткізу жоспарланған. Қара отынның бағасына тоқталар болсақ, Өскеменде – 9200, Аягөз ауданы – 9000, Риддер қаласында – 13300 теңге.

Бір тонна көмірдің бағасы Абай ауданында – 12000, Бородулиха ауданында – 13500, Бесқарағай ауданында – 12500 теңге болса, ең арзаны Глубокое ауданында болып тұр. Бағасы – 9200 теңге. Ал өзге өңірінде қарағанда Тарбағатай мен Үржар аудандарында қара отынның бағасы қымбатқа түсіп тұр. Бір тоннасы – 18000 теңгеден. «Қаражыра» акционерлік қоғамы жекеменшік кен орны болғандықтан оны тиісті орындарға жеткізуде баға шарықтай түседі екен. Сондай-ақ дебиторлық қарыз да аз емес көрінеді.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов бірден жылыту маусымына жауапкершілікпен қарауды қадап айтты. Қаржы басқармасына шілде, тамыз айларында барлық көмір қажеттілігін қаржыландыруды тапсырды.

– Қыркүйектің біріне дейін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын толықтай қара отынмен қамтамасыз ету керек, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов. – Оның ішінде, мектеп, аурухана, сонымен қатар әлеуметтік мекемелер. Қай жерге жылыту маусымына қарай жөндеу жұмыстары қажет саналса, бірден қолға алыңыздар.


Әділхан ЕСІМХАНОВ