ШҚО бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысушылардан 170-тен аса өтініш түскен

430
көрілім

2019 жыл жастар жылы деп жарияланды. Осыған байланысты жастар үшін барлық жағдай жасалып, олардың кәсіби өсуі маңызды бағыттың бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру арқылы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру идеясын атап өткен еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жоба барынша дайындалған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымдарға ие болуға бірегей мүмкіндік ашпақ. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар туындаған кезде Президенттік кадр резерві резервшілерінің үміткерлігі қаралатын болады.

Бұл арқылы жастар арасында алғаш рет іріктеуден өтіп, жауапты қызмет атқаруға және елдің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік туды.

ШҚО жастары да белсенділік танытып, 170-тен астам өтініш түскен. Олардың ішінде қоғам өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын қызметкерлері, білім беру саласының лауазымды тұлғалары т.б. бар..
Облыс бойынша 13 адам тестілеудің верификациясынан сәтті өтіп, қазіргі таңда олар іріктеудің кешенді кезеңі болып табылатын «әлеуетті бағалау» кезеңінің өту нәтижелерін күтуде. Аталған кезең үш бөліктен тұрады: эссе жазу, жоба қорғау, құзыреттілікті бағалау.

«Әлеуетті бағалау» кезеңінің нәтижелері бойынша ең үздік ұпай жинағандар сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесуге шақырылатын болады. Әңгімелесу қорытындысы бойынша сараптама комиссиясы ашық дауыс беру жолымен резервке алуға ұсынылатын үміткерлердің тізімін қалыптастырады және ұлттық комиссияның қарауына жібереді. Іріктеудің қорытынды кезеңі – кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қарау. Қорытынды кезеңде отырыс нәтижелері бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне алу туралы шешім қабылданатын болады. Резервке қабылданған тұлғалар басқарушылық, салалық және өңірлік лауазымдарға ие болуы мүмкін.
Жобаның негізгі компоненттерінің бірі іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен резервшілерді қысқа мерзімді білім беру бағдарламалары бойынша оқыту.
Білім беру бағдарламалары стратегиялық көзқарас, жүйелік басқару, бейімделу көшбасшылығы, тиімді коммуникациялар және т. б. құзыреттерінің әлеуетін арттыруға бағытталады.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтынан (qyzmet.gov.kz.) білуге болады.