Бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық соты және ШҚО Білім басқармасының тізе қосып ұйымдастыруымен «Медиация қызметі» жобасы аясында «Қазіргі білім беру саласындағы мектеп медиациясы: теория, тәжірибе, дамыту преспективасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің толық дамуы мен әлеуметтенуі үшін қауіпсіз орта құру. Сонымен қоса қандай да бір қиындық туындаған кезде заңға қайшы келуі жағдайында медиация қызметін дамыту тәсілдерін әзірлеу.
– Конференция мектеп медиациясының қызметтерін білім беру ұйымының профилактикалық іс-әрекетінің практикалық құралы ретінде насихат жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Сонымен қатар мектеп медиациясы қызметтерінің үйлестірушілері мен медиаторларының кәсіби деңгейін көтеруге атсалысып келеміз. Мектепте болатын бала мен ата-ана арасындағы және ұстаз бен оқушы арасындағы түсініспеушіліктердің туындауының алдын аламыз. Жұмысымыз өз нәтижесін беріп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтық істер де, қылмыстық істер де азайып келеді, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Ләззат Мамырбаева.
Конференцияға Ресей Федерациясы, Беларуссия және Италияның кәсіби медиаторлары, ШҚМУ оқытушылары мен студенттері, Алтай Мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері, ата-аналар қоғамдастығының өкілдері, ғалымдар, жастар саясатына мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Шығыс Қазақстан облысының аймақтарындағы мектептердің медиация қызметіне жауапты білім бөлімдерінің мамандары, сот қызметкерлері, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер, полиция, қамқоршылық органдары, практик-психологтар мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.