Тұрақты оқырмандарымыздың жолдаған сауалы расымен де өзекті еді. Сол мәселені өз уақытында көтеріп, басшылық тарапына сұраухат жолдағанымызбен келген жауапты оқығанда жағамызды ұстадық. Ол уақытта басқарма басшысының орны қаңырап, жауапкершілік жүгі орынбасарларына түскен-тін. Сол орынбасардан тұщымды мәлімет келе ме деп сарыла күткенімізде қысқа қайырылған бірнеше сөйлем таң-тамаша етті. Бұл жерде созылмалы ауруы бар аудан тұрғындары Өскемендегі панисонат қашан жұмысын бастайтындығын сұраған еді. Облыстық денсаулық сақтау басшылығының пікірі қандай?
«Анықтай алмадық»
Естеріңізге сала кетейік, облыстық Денсаулық сақтау басшысының тағайындалғанына көп болмады. Сол тұрғыда аз уақыт өткенмен сауалға жауап берілмегеніне екі аптадан асты. «Басшысы болмаса, ел жетім» деудің жөні жоқ болса да басқарма мамандарының немкетті қимылы шынымен де Төле бидің төбе сөзін мысал етпеске шара қалмады. Алдымен БАҚ заңына бағынбай, одан қалса дайын тұрған жауапты діттеген жеріне жөнелтуді жадынан шығарып алған орындаушылардың орынсыз әрекеті ақпараттың уақтылы берілуіне біршама ықпал етті. Маңыздысы бұл емес. Сұраухат жауабында не делінген? Бұған тоқталмас үшін тұрғындар өтінішін мысал ете кеткен жөн болар.
– Көп жағдайда ауырып-сырқап қалсақ такси жалдап, облыстық аурухана, диагностикалық орталыққа келіп емделуге мәжбүр боламыз. Себебі бойымызда созылмалы сырқат түрі бар. Сондайда облыстық аурухана іргесіндегі пансионатқа тұрақтап, жүріп-тұрудың машақатын көп сезінбейтінбіз. Міне, төрт айдың жүзі болды, пансионаттың есігі тарс жабық. Неліктен жұмыс істемей тұрғанын да анықтай алмадық, – дейді Күршім ауданына хабарласқан Рима Балабекова (аты-жөні өзгертілген).
Әлбетте, қазіргі жағдайды назарға алсақ, не себепті жабылғанын топшылау қиын емес. Десек те аталған пансионаттың қашан ашылатындығынан бөлек, қандай санаттағы науқастардың орналаса алатындығы, қандай қызмет түрлерін көрсететіндігі, жалпы облыс аумағында қанша пансионат бар екендігі жөнінде негізгі сауалдарға жауап берілмегендігі өкінішті-ақ. Алдымен «жауап екі апта ішінде беріледі, ақпараттың уақтылы түсуіне қарай одан ертерек жіберілуі мүмкін» дегендеріне қарамастан өз сөздерінен өздері тайқыды. Жауап қолға 15 күн дегенде зорға тиді.
Қызмет барысындағы құлықсыздық па?
Бір сауалға екі күн ойланды дегеннің өзінде жауап үш сұраққа ғана берілген. Ең сорақысы, негізгі сауал сол күйі жауапсыз қалды.
– Протозанов көшесі, 7/1 мекенжайында орналасқан пансионат елімізде болып жатқан коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында 27 маусымнан бастап жұмысын тоқтатты. Пансионат КДЕ медициналық зерттеулерден өту үшін және облыстық ем шараларын алу үшін аудандарлан келетін науқастар, оларға ілесіп келген қамқоршыларының тұрақтауына арналған. Мекеме 38 төсек-орынға шақталған, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы.
Карантин шараларының созылуына қарай пансионаттың қашан жұмысын бастайтындығын топшылап айту қиын. Әйтсе де соның өзін себеп етіп, жауап берген басқарма басшылығы жоқ. Тіпті ресми жауапқа қол қоюдың өзін бірнеше күнге созды. Жұмысбасты жан болса да алдында жатқан сұраухатқа тұщымды жауап беруге атүсті қарап, қызмет барысында құлықсыздық танытқан басқарма басшысы орынбасарының бұл әрекеті бір емес, созылмалы сырқатымен жөн сұраған талай адамның ақпарат ала алмауына себепші болып тұрғаны сөзсіз. Жә, бүгін болмаса бір күні тұрғындар сауалын ескере жатар. Берілген жауапқа сәйкес пансионатқа орналасу ақылы түрде жүзеге асырылатындығын айта кетейік. Мекемеге бір күн аялдау – 1560 теңге. Жарым-жартылай берілген мәліметке қарап, жыл аяқталғанша пансионат жұмысын бастамайтын сияқты. Егде тартқан науқастарға сабырын желкен етіп, бір өзгерістің болуын күтпеске амал жоқ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ