ШҚО дәрігерлері науқастың асқазанынан салмағы 3 келі ілікті алып тастады

712
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері науқастың асқазанынан салмағы 3 келі ілікті алып, өмірін сақтап қалды.

ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, Зайсан ауданы тұрғынының асқазанындағы ісіктің диаметрі шамамен 40 сантиметр, ал салмағы үш келіден асқан. Ер адам ауруханаға ауырсыну синдромдары мен қан кету басталған кезде жүгінді. Оған асқазан ісігі диагнозы қойылған.

«Біз науқасқа бірнеше сағат бойы ота жасадық. Бәрі ойдағыдай болып, ісік сәтті алынды. Ісік басқа мүшелерге өскендіктен, оларды резекциялауға тура келді. Көптеген мүшелер зақымданғандықтан науқастың сауығуы ұзаққа созылады. Одан кейін ісікке қарсы кешенді ем қажет болады», - деді онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Әділбек Баймұсанов.

Айта кетейік, асқазан ісігі қатерлі ісіктердің статистикасында таралу көрсеткіші бойынша облыста 5-ші орында тұр.